Волейболдан ӘЧ: Қазақстан жастар құрамасы Францияға жол берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1/8 финалда Франциямен шеберлік байқасты.

Өз тобынан плей-офф кезеңіне жолдама алған қазақстандықтар бұл жолы франциялықтарға қауқар таныта алмады. Франция командасы 3:0 (25:15, 25:18, 25:18) есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Сергей Трикоз жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы ширек финалдан тыс қалды.
Әлем чемпионатына алғаш рет қатысқанына қарамастан, қазақстандық жастардың үздік 16 команданың қатарына ілігуінің өзі – тарихи нәтиже.
Дүниежүзілік дода барысында Қазақстан құрамасы сапында Асылхан Ізбергенұлы (команда капитаны), Клим Рюхов, Әділжан Балтабаев, Владислав Мастихин сияқты волейболшылар шебер ойынымен көзге түсе білді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасының Кореяны жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алғанын жазған едік.