Волейболдан ӘЧ: Қазақстан жастар құрамасы тарихи жеңіске ие болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үшінші кездесуін өткізді.

Бұл жолы Сергей Трикоз жаттықтыратын қазақстандықтар В тобында Пуэрто-Рико командасына тап келді.
Қос құрама да бастапқы екі ойынында ұтылып қалған еді. Сондықтан олар жеңіс үшін барын салды.
Тартысты өрбіген бірінші партияны қазақстандықтар өз есебіне жазды — 25:23. Екіншісінде 25:21 есебі тіркелді. Үшінші сетте қазақстандық жастар қарқынын үдетті — 25:16. Қорытынды есеп — 3:0.
Осылайша, әлем чемпионатына өз тарихында бірінші рет қатысып жатқан Қазақстан жастар құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Сергей Трикоздың шәкірттері 25 тамыз күні Польша құрамасымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасының алғашқы ұпайына қол жеткізгенін жазған едік.