Волейболдан ӘЧ: «Жетісу» алғашқы ұпайына қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияның Сан-Паулу қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында клубтық әлем чемпионатының топтық бәсекесі аяқталды.
Талдықорғандық «Жетісу» өз тобында соңғы кездесуін «Озаску Сан-Кристован» (Бразилия) клубымен өткізді.
Бұл матчтың қос команда үшін де маңызы зор болатын. Талдықорғандықтар ірі есеппен жеңіске жеткен жағдайда жартылай финалға жолдама алуы мүмкін еді.
Зал толы жанкүйерлердің қолдауына сүйенген алаң иелері бірінші партияда 25:17 есебімен басымдылық танытты. Бұдан кейін сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері таразы басын өздеріне аударды — 25:23, 25:21. Төртінші партияда бразилиялық клуб таразы басын теңестірді — 25:18.
Шешуші, бесінші сетте қазақстандық команда 11:9 есебімен алда тұрды. Содан соң төрт матчболын мүлт жіберді. Ақыры жеңіс бразилиялықтардың еншісінде кетті — 19:17. Қорытынды есеп — 3:2. «Жетісуға» бір ұпай жазылды.
Осылайша, А тобынан италиялық «Савино Дель Бене» мен бразилиялық «Озаску Сан-Кристован» клубы жартылай финалға шықты.
«Жетісу» бір ғана ұпаймен соңғы орында қалды. Команда құрамында Кристина Аниконова (капитан), Валерия Якутина, Кристина Белова, Перизат Нұрбергенова, Мәдина Бекет (либеро), украиналық байланыстырушы Дарья Шаргородская, ресейлік Мария Фролова өнер көрсетті.
Арасында осы клубтық әлем чемпионаты алдында командаға алынған қытайлық Мяо Йвэнь және басқа ойыншылар қосылып отырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әлем чемпионатында «Жетісу» екінші кездесуінде қалай ойнағанын жазған едік.