Волейболдан «Ақтөбе» камбэк жасап, суперкубокты жеңіп алды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші туры аясында «Тараз» бен «Ақтөбе» суперкубок үшін таласты.

Кубок
Фото: «Атырау» волейбол клубы

Юрий Башкатов жаттықтыратын тараздықтар биыл көктемде ел чемпионы атанса, Сергей Трикоздың шәкірттері жаңа маусым бастамасында Қазақстан кубогында үздік шыққан еді. 

Волейбол
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Суперкубок үшін қос команда бапкері де жұма күнгі ойындарға қосалқы құрамды шығарғандықтан, қарсыластарынан жеңіліс тауып, үш ұпайды «құрбандыққа шалып» жіберген еді.

Бірінші сетте тараздықтар 25:20 есебімен басым түсті. Екінші партияда бастапқыда ақтөбеліктер алға шыққанымен, «Тараз» таразы басын теңестіріп қана қоймай, өз үстемдіктерін көрсетті – 25:22. 

Үшінші кезеңді ақтөбеліктер өз есебіне жазды – 25:23. 

Төртіншісінде есеп 4:4 болған мезетте ресейлік легионер Никита Швалев сәтті доп бергеннен кейін ақтөбеліктер алға кетті – 9:4. Сет біткенше сол басымдылықтан айырылған жоқ – 25:17.
Бесінші, шешуші партияда ақтөбеліктер төрт ұпай айырмашылығымен алға шығып, соңында екі матчболын пайдалана алмады. Бірақ өз дегендеріне жетті – 17:15. Жалпы есеп – 3:2, «Ақтөбенің» пайдасында.

Осылайша, ақтөбеліктер өз тарихында алғаш рет суперкубок иегері атанды.

Сенбі күні алаңға шыққан «Буревестник» (Алматы) «Ұшқын-Көкшетауды» 3:1 есебімен (25:23, 25:20, 19:25, 25:18) тізе бүктіріп, турнир кестесінде 8 ұпаймен екінші орынға көтерілді. 

Чемпионатты сәтсіз бастаған атыраулықтар бұл жолы аса тартысты матчта «Есілге» (СҚО) 2:3 (22:25, 26:28, 29:27, 25:20, 16:18) есе жіберді. Қоржынында бір-ақ ұпайы бар «Атырау» «Ұшқын-Көкшетаумен» бірге көш соңында келеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайықтың» қарсыласын жеңгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар