Волейболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында «Қуаныш» көш бастап келеді
Петропавл қаласында әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform.

Биыл Қазақстан кубогінің иегері атанған Солтүстік Қазақстан облысының «Қуаныш» командасы (бапкері Азамат Есімов) өз алаңында ешкімге дес берген жоқ.
Бірінші тур аясында суперкубок үшін матчта алматылықтарға 2:3 есебімен есе жібергеннен кейін солтүстікқазақстандықтар әзірге жеңіліп көрген емес.
Екінші турда «Қуаныштан» 2:3 есебімен ұтылған Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» командасы ғана бір ұпай олжалай алды.
Осылайша, 32 ұпай жинаған «Қуаныш» көш басына шықса, Өскеменнің «Берелі» (31 ұпай) оны өкшелеп келеді.
Соңғы, 27 желтоқсан күні орталық кездесу «Алматы» мен «Тұран» (Түркістан) командалары арасында өтті. Асқар Шалқыбеков баптайтын «Тұран» клубы 3:0 есебімен ұтып, турнир кестесінде 28 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Рафаэль Гилязутдиновтің шәкірттері 25 ұпаймен төртінші, «Жетісу» (22 ұпай) бесінші орында қалды.
Енді Ұлттық лига бәсекелері жаңа жылда жалғасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Алматы» клубының волейболдан суперкубок иегері атанғанын жазған едік.