Волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры мәресіне жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласында әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары мәресіне жетті.

Соңғы күннің орталық матчы солтүстікқазақстандық «Қуаныш» пен талдықорғандық «Жетісу» арасында өтті.
Бастапқы екі сет біршама тартысты өтіп, Азамат Есімовтің шәкірттері 25:21, 25:21 есебімен басым түсті. Ал үшінші партия айқын басымдылықпен аяқталды – 25:11. Қорытынды есеп – 3:0, «Қуаныштың» пайдасында.
«Қуаныш» 47 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді.
«Айқаракөзді» 3:0 есебімен сүріндірген шығысқазақстандық «Берел» клубы 43 ұпаймен екінші орынға жайғасты. «Қарағандыны» тізе бүктірген «Тұранның» (Түркістан) да қоржынында 43 ұпай бар.
«Жетісу» 40 ұпаймен төртінші, «Алматы» (37 ұпай) бесінші сатыда.
Өскеменнің «Алтайын» 3:0 есебімен жеңген Павлодардың «Ертісі» 24 ұпай жинап, алтыншы орында келеді.
Төртінші тур 21-27 ақпанда Өскемен қаласында өтіп, плей-офф бәсекесіне жолдама алған сегіз команда анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Қуаныштың» «Алматыны ұтқанын жазған едік.