Волейболдан ел чемпионаты: қола жүлде үшін бәсекеде «Жетісу» «Қуанышты» жеңді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига ойындары мәреге жақындады.
Бүгін «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қуаныш» (СҚО) командалары қола жүлде үшін бәсекеде екінші кездесулерін өткізді.
Кеше Азамат Есімов жаттықтыратын солтүстікқазақстандықтар 3:1 есебімен басым түскен еді. Бүгін олар жеңсе, қола жүлде алатын еді. Алайда талдықорғандықтар матчты қарқынды бастады – 25:18.
Екінші партияда А.Есімовтің шәкірттері 8:3 есебімен алға кеткенімен, «Жетісу» таразы басын теңестірді. Сербиялық маман Марко Гршич Ирина Кенжебаеваның орнына ойынға қосқан Перизат Нұрбергенова тың серпін бере білді – 25:22.
Үшінші партияда «Қуаныш» есе қайтарды – 25:17. Әсіресе, матч барысында украиналық шабуылшы Юлия Дымар нәтижелі ойынымен көзге түсті. Дегенмен төртінші сетте «Жетісу» жеңісті жұлып алды – 25:23. Жалпы есеп – 3:1.
Осылайша, қола жүлде үшін бәсекеде есеп теңесті – 1:1. Қола жүлдегер ертең үшінші матчта анықталатын болады.
Бүгін «Алтайды» екінші кездесуінде 3:1 (25:19, 23:25, 25:14, 25:18) есебімен ұтқан «Қарағанды» жетінші орынға ие болды. Ал Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:13, 25:14, 25:19) ойсырата жеңген «Алматы» бесінші сатыдан көрінді. Өткен жылы суперкубок иегері атанған алматылықтар жүлдеге іліге алмады. «Алтай» сәйкесінше 8-інші, «Ертіс» алтыншы орында қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Қуаныш» командасының қола жүлдеге жақын тұрғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Тұран» финалда бірінші матчта жеңіске жетті.