Волейболдан ел чемпионаты: «Жетісу» жеңілмей келе жатқан команданы ұтты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Өскемен қаласында өтіп жатқан XXXIII Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қарағанды» клубтары өзара кездесті.

Волейбол
Фото: «Жетісу» волейбол клубы

Осыған дейін қарағандылық команда қатарынан бес рет жеңіске жетсе, талдықорғандықтар тартысты матчта тек өскемендік «Берелге» есе жіберген еді.

Бұл жолы «Жетісу» (бас бапкері Марко Гршич) Нұрлан Садықов жаттықтыратын «Қарағандыны» еркін ұтты – 3:0 (25:17, 25:13, 25:14).

Осы жеңістен кейін 16 ұпай жинаған талдықорғандықтар көш басына көтерілді. Бірақ бүгін «Берел» Түркістанның «Тұранын» ұтса, онда өскемендік клуб бірінші орынға шығады.

«Алматы» - «Грация KZ» матчында бірінші партия барынша тартысты өрбіді. Дегенмен тәжірибесі басым алматылықтар ойын тізгінін өз қолына ала білді – 3:0 (25:20, 25:18, 25:14).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Қарағандының» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар