Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Атырау» командасы «Есілден» айласын асырды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының топтық бәсекесінде «Атырау» мен «Есіл» алаңға шықты.

Бұл Б тобындағы алғашқы кездесу еді.
Ислам Жұмабеков жаттықтыратын атыраулықтар ойын тізгінін бірден қолына алып, матч аяқталғанша сол қарқынынан танған жоқ – 3:0 (25:22, 25:15, 25:18).
Осылайша, өткен жылы төртінші орынға табан тіреген атыраулықтар биыл да жүлдеге таласудан үмітті екендіктерін байқатты.
«Атырау» ертең «Буревестник» (Алматы) клубымен ойнайды. Бұл топтан жартылай финалға жолдама алған команда «Жайықпен» (Орал) кездеседі.
А тобында сейсенбі күні «Жетісу» (Талдықорған) – «Павлодар» өзара сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Павлодар» клубының плей-офф кезеңін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.