Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жайық» алматылық «Буревестникті» жеңді
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары мәреге жақындап келеді.

Турнир кестесінде 46 ұпаймен бұрынғыша, ел чемпионы – «Павлодар» командасы көш бастап тұр.
Игорь Никольченконың шәкірттері тартысты ойында «Есіл» (СҚО) командасын 3:2 (20:25, 25:23, 18:25, 25:16, 17:15) есебімен тізе бүктірді. Солтүстікқазақстандықтар 29 ұпаймен үздік төрттікті түйіндеп отыр.
Екінші орындағы «Тараз» «Ұшқын-Көкшетаудан» 3:1 (25:20, 21:25, 25:22, 25:16) есебімен басым түсті.
Тараздықтардың қоржынында 36 ұпай бар. Одан бір ұпайы кем «Жайық» «Буревестникті» (Алматы) 3:0 (25:23, 25:19, 25:16) есебімен қапы қалдырды.
«Атырау» «Жетісу жастарын» 3:0 (25:21, 25:22, 25:18) есебімен жеңді.
19 қаңтар күні үшінші турдың соңғы ойындары өтеді. Онда «Ақтөбе» - «Ұшқын-Көкшетау», «Буревестник» - «Павлодар», «Тараз» - «Атырау», «Жетісу жастары» - «Жайық» командалары өзара кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайықтың» «Есілден» басым түскенін жазған болатынбыз.