Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жайық» екінші рет қатарынан жеңіліп қалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионаты бірінші турының екінші күнін «Ақтөбе» және «Жайық» (Орал) клубтары бастады.

Волейбол
Фото: «Атырау» волейбол клубы

Алғашқы ойында ақтөбеліктер ел біріншілігінің күміс жүлдегері «Павлодарды» ұтса, оралдықтар «Жетісу» (Талдықорған) командасынан жеңіліп қалған еді.

Батыс дербиі тартысты өрбіп, екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта ақтөбеліктер 3:2 (25:18, 23:25, 25:22, 19:25, 15:13) есебімен басым түсті. 

Осылайша, ақтөбеліктер екі ойын қатарынан жеңіске жетсе, оралдықтар үшін чемпионат сәтсіз басталды. 

Бұл – бірінші турда бес сетке созылған екінші кездесу. Кеше «Буревестник» (Алматы) «Есілді» (СҚО) 3:2 (17:25, 25:22, 23:25, 25:19, 15:11) есебімен қапы қалдырған еді. 

Бірінші тур одан әрі жалғасуда. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Ақтөбенің» «Павлодарды» ұтқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар