Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жайық» клубы финалға жолдама алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының финалына шыққан командалар анықталды.

Екінші жартылай финалда «Жайық» пен «Атырау» командалары өзара кездесті.
Кеше бірінші ойында Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар 3:1 есебімен жеңген болатын.
Бүгін алаң иелері бірінші партияда айқын басымдылық танытты — 25:19. Есесіне екінші сетте Ислам Жұмабековтің сәттірек ойнады — 26:24. Дегенмен бұдан кейін «Жайық» ойын тізгінін өз қолына алды — 25:23, 25:21. Қорытынды есеп — 3:1.
Осылайша, «Жайық» пен «Ақтөбе» алтын медаль үшін таласады.
«Атырау» мен «Жетісу» қола жүлде үшін сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» клубының финалға шыққанын жазған болатынбыз.