Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жайық» көш басындағы «Таразды» ұтты

Таразда волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Волейбол
Фото: Sports.kz.

Бүгін орталық матчта алаң иелері «Тараз» бен Оралдың «Жайығы» алаңға шықты.
Осыған дейін Юрий Башкатов жаттықтыратын тараздықтар көш бастап келе жатса, биылғы ел чемпионы «Павлодар» екінші, «Жайық» үшінші орында еді. Сондықтан бұл кездесу қос команда үшін маңызды еді.

Бірінші партияда оралдықтар ойын тізгінін қолға алып, басымдылықты сақтап қала алды – 25:20. Виктор Козиктің шәкірттері тартысты екінші сетті де өз есептеріне жазды – 25:23.
Үшінші партия оралдық Владимир Прокофьевтің қос бірдей эйсімен аяқталды – 25:21.
Осылайша, 3:0 есебімен жеңіске жеткен «Жайық» 24 ұпай жинап, алғашқы қос клубқа жақындай түсті.

Бүгін «Жетісу жастарын» 3:1 есебімен тізе бүктірген «Павлодар» мен «Тараздың» ұпайлары (26) теңесті. Дегенмен «Тараздың» бір ойыны артық. Ертең «Тараз» бен «Павлодар» өзара сынға түсіп, күштіні анықтайды. «Жайық» «Ақтөбе» клубымен шеберлік таластырады. Ақтөбеліктер бүгін «Атырауға» есе жіберді – 1:3.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық» волейбол клубының жүлделі орындар үшін таласа ала ма, соны жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Таразда Ұлттық лига ойындары кейінге қалды.

Соңғы жаңалықтар