Волейболдан Қазақстан чемпионатында алғашқы бес команда құйрық тістесіп келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласында әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші турында алғашқы бес клуб құйрық тістесіп келеді.

Турнир кестесінде 41 ұпаймен көш бастаған «Қуаныш» (СҚО) сенбі күнгі ойындарға қатысқан жоқ.
Осыған дейін қатарынан екі рет ұтылған өскемендік «Берел» Павлодардың «Ертісін» 3:1 (23:25, 25:14, 25:16, 25:22) есебімен тізе бүктіріп, 40 ұпаймен «Қуанышқа» жақындай түсті.
Бірақ солтүстікқазақстандық клубтың бір ойыны кем.
«Алматы», «Жетісу» (Талдықорған) және «Тұран» (Түркістан) командаларының қоржынында 37 ұпайдан бар.
Алматылықтар «Қарағандыны» 3:1 (15:25, 26:24, 25:21, 25:19) есебімен қапы қалдырса, талдықорғандықтар Өскеменнің «Алтайын» оңай жеңді – 3:0 (25:22, 25:8, 25:15).
Түркістандықтар «Айқаракөзден» (Талдықорған) айласын асырды – 3:0 (25:17, 25:7, 25:11).
Алтыншы орындағы «Ертістің» небәрі 18 ұпайы бар.
Жексенбі күні орталық матч «Алматы» мен «Қуаныш» арасында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Берел» клубының қатарынан екінші рет жеңіліп қалғанын жазған едік.