Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Буревестник» командасы көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары аяқталды.
Алматыда «Буревестник» клубы атыраулықтарды қабылдап, екі кездесуде де 3:1 (25:27, 25:14, 25:21, 25:15) және 3:0 (25:9, 25:20, 25:23) есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, алматылықтар 6 ұпаймен турнир кестесінде көш бастады.
Қазақстан чемпионы «Жетісу» өз алаңында тартысты өткен бірінші ойында күтпеген жерден «Оқжетпестен» (Ақмола) ұтылып қалды — 0:3 (23:25, 33:35, 26:28). Дегенмен екінші матчта 3:1 (28:26, 31:29, 29:31, 25:16) есебімен есе қайырды.
Сондай-ақ «Тараз» өз алаңында «Ақтөбемен» ұпай бөлісті. Бастапқыдан тараздықтар 3:0 (27:25, 25:23, 25:20) есебімен басымдық танытса, екіншісінде ақтөбеліктер айласын асырды — 3:0 (25:20, 25:18, 25:23).
Өскеменде «Берел» клубы «Қуанышты» (СҚО) 3:2 (23:25, 25:23, 18:25, 32:30, 16:14) есебімен жеңіп, ұлттық лигадағы алғашқы екі ұпайына қол жеткізді. Бірақ екінші бәсекеде 1:3 (23:25, 22:25, 28:26, 19:25) есебімен қонақтарға жол берді.
Екінші тур ойындары 22-23 қазан күндері өтеді. «Буревестник» Оралдың «Жайығын» қабылдаса, «Тараз» клубы «Атыраумен», «Жетісу» ақтөбеліктермен, «Берел» командасы «Оқжетпеспен» сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында бастапқы турда кімдер кездесетінін жазған едік.