Волейболдан Қазақстан кубогы: «Жетісу» мен «Қуаныш» финалға шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдер арасында Қазақстан кубогы ойындарында финалға шыққан командалар белгілі болды.

Волейболдан Қазақстан кубогы: «Жетісу» мен «Қуаныш» клубтары финалға шықты
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Бірінші жартылай финалда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Берел» (Өскемен) клубтары алаңға шықты.

Алдымен Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендік қыздар қатарынан екі партияны алды – 25:22, 25:21. Бұдан кейін жеңіс жақын тұрғандай көрінген. Бірақ олай болмады. Сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері ойын тізгінін уыстарынан шығармай, камбэк жасай білді – 25:18, 25:21, 15:11. Жалпы есеп – 3:2.

Алаң иелері «Қуаныш» (бас бапкері Азамат Есімов) командасы Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын Қазақстан чемпионы «Тұран» (Түркістан) клубын оңай ұтты – 3:0 (25:17, 25:15, 25:14).

Осылайша, дүйсенбі күні «Жетісу» мен «Қуаныш» финалда алтын жүлдені сарапқа салады. Ал «Берел» мен «Тұран» қола медаль үшін таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан кубогында әйелдер арасында жартылай финалға шыққандар анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар