Волейболдан Қазақстан кубогының финалына шыққан командалар белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында волейболдан ерлер командалары арасында Қазақстан кубогының жартылай финалдық матчтары аса тартысты өтті.
Бірінші жартылай финалда «Атырау» мен биылғы ел чемпионы «Жайық» (Орал) командалары кездесті.
Атыраулықтар бірінші және екінші сетте 28:26, 25:18 есебімен басымдылық танытты. Бұдан кейін оралдықтар таразы басын теңестірді – 25:19, 25:23. Бесінші, шешуші партия соңында атыраулықтар 14:12 есебімен алда тұрғанымен, оралдықтар қуып жетті. Алайда шешуші ұпай «Атыраудың» еншісінде кетті – 16:14. Қорытынды есеп - 3:2, Игорь Никольченко шәкірттерінің пайдасында.
Екінші ойын да бес партияда аяқталды. Мұнда «Жетісу» өткен жылғы кубок иегері «Ақтөбені» 3:2 (25:22, 22:25, 25:21, 18:25, 16:14) есебімен қапы қалдырды.
Осылайша, Қазақстан кубогын «Атырау» мен «Жетісу» (бас бапкері Марат Адрышев) сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісудың» әлемдегі үздік бес клубтың қатарына кіргенін жазған едік.