Волейболдан қазақстандық жасөспірім қыздар Орталық Азияда үздік шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында 16 жасқа дейінгі ойыншылар арасында Орталық Азия волейбол қауымдастығының (CAVA - Central Asian Volleyball Association) чемпионаты аяқталды.

Волейболдан қазақстандық жасөспірім қыздар Орталық Азияда үздік шықты
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, 2010-2011 жылғы қазақстандық жасөспірімдер бес кездесудің бәрінде жеңіске жетті.

Қазақстан қыздар құрамасы финалда Өзбекстанды 3:0 (25:17, 25:18, 25:14) есебімен айқын басымдылықпен тізе бүктірді. 

Турнирдің үздік ойыншылары қатарында құрама капитаны Асылы Әбітай, Маргарита Вагнер және Ульяна Кокинаның (№24) есімдері аталды. 

Денис Исаевтың шәкірттері қараша айының басында Иорданияда өтетін Азия чемпионатында бақ сынайды.

Бұдан екі жыл бұрын Ринат Ерғазин баптаған 2008-2009 жылғы қыздар да Орталық Азияда үздік атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Ұлттар кубогында Қазақстанның маңызды кездесуде Иранды қапы қалдырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар