Volkswagen дисплей ақауына байланысты 60 мыңнан аса электромобильді қайтарып алады
АСТАНА. KAZINFORM — Volkswagen компаниясы АҚШ-тағы 60 490 электромобильді дисплейіндегі ақауға байланысты қайтарып алады, деп хабарлайды Fox Business.

АҚШ Ұлттық Жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының (NHTSA) мәліметінше, зардап шеккен көліктерге 2021-2023 жылғы Volkswagen ID.4 үлгілері, сондай-ақ 2022-2023 Audi Q4 e-Tron және Q4 e-Tron Sportback кіреді.
Мәселе алғаш рет өткен жылдың тамыз айында Америка Құрама Штаттарынан тыс жерде бес жол-көлік оқиғасы тіркелгеннен кейін анықталды.
Volkswagen көлік иелерін хабардар етіп, мәселені шешуге тырысып жатыр.
Неміс автогиганты өткен айда 30 000-ға жуық көлікті кері қайтарып алды, себебі артқы камералары дұрыс жұмыс істемеді. Бұл ең алдымен Audi Q3 және кейбір Volkswagen Tiguan және Arteon көліктеріне қатысты.
Бұған дейін Германиядағы барлық Volkswagen зауыттары 2 желтоқсаннан бастап жұмысын тоқтататыны хабарланды.