Волонтер жылы: Қызылордада студент жастармен кездесу өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада еріктілер жылына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында студент жастармен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Волонтер жылы: Қызылордада студент жастармен кездесу өтті

Кездесу барысында жастар қазақтың ұлы ақыны Абайдың және ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір тарихынан жан-жақты хабардар болып, шығармашылығымен танысты.

Сондай-ақ, шара барысында «Иманды жас – ел болашағы» тақырыбында сұхбат өрбіді. Онда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов жастарға«ата-ананы құрметтеудің мәртебесі, көркем мінезділік, имандылық, мейірімді болу тақырыптарында өнегелі әңгіме айтты.

Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің 4-курс студенті Абылай Кенжалыұлы білім алудың парыздылығы, уақытты тиімді пайдаланудың пайдасы жайлы сүбелі ойымен бөлісті.

Ал, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның директоры Сабыржан Бауыржанұлы өңірдегі ерікті азаматтардың ерен еңбектерімен таныстыра отырып, еріктіліктің маңызы мен мақсаттарын түсіндірді.

Бұдан бұрын Қызылордада Абайға арналған кітап көрмесі ашылды.