Вучич Сербиядағы сайлау нәтижесіне қатысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Сербияның бұрынғы президенті Александар Вучич кезектен тыс парламент сайлауында өзі басқаратын «Александар Вучич — Біріккен Сербия» сайлау блогының жеңілгенін мәлімдеді.
Report агенттігінің хабарлауынша, Сербия прогрессивті партиясының сайлау штабында сөйлеген Вучич дауыс берудің түпкілікті нәтижесі әлі белгісіз екенін, алайда қолда бар деректер өз блогының жеңіліп жатқанын көрсететінін айтты.
Оның сөзінше, «Студенттер тізімі» 135-140 депутаттық мандатқа ие болуы мүмкін. Ал өзі басқаратын тізім шамамен 105 мандат алады деп болжанған.
— Әзірге түпкілікті нәтиже жоқ. Көпшілік таңғалатын болады. Сонда кейбір адамдардың қаншалықты өтірік айтып, не нәрсені ойдан шығарғанын түсінесіздер. Блокадаға қатысқан студенттердің тізімі жеңіске жеткенін хабарлағым келеді. Олар 135-140 мандат алады, ал бізде шамамен 105 мандат болады, — деді Вучич.
Ол парламентте Воеводина венгрлерінің одағы да өкілдік ететінін атап өтті.
Вучич өз саяси күшінің күресін жалғастыратынын және оппозицияда болудың не екенін көрсететінін айтты.
Бұған дейін Александр Вучич 27 қыркүйекте кезектен тыс парламент сайлауына қатысып, премьер-министр қызметіне үміткер болу үшін отставкаға кеткенін мәлімдеген болатын.