01:21, 29 Маусым 2016 | GMT +5
WADA Алматы антидопингтік зертханасының жұмысын тоқтатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - WADA (Бүкіләлемдік антидопингтік агенттік) Алматы антидопингтік зертханасын халықаралық стандарттарға сай еместігіне байланысты аккредиттеу құқығынан айырды, деп хабарлайды Би-би-си.

«Аккредиттеуді тоқтату туралы үкім 2016 жылдың 24 маусымынан бастап күшіне енді. Антидопингтік зертханаға қан және несеп талдауын жасау сынды кез келген антидопингтік шараларды жүргізуге тыйым салынады», делінген Бүкіләлемдік антидопингтік агенттік таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, құжатта зертхана жұмысы 4 ай уақытқа шектелгені, егер бұзушылықтар дұрысталатын болса, аккредиттеу құқығы қайтарылатыны айтылған.
21 күннің ішінде Қазақстан бұл шешімді апелляцияға бере алады.
Айта кетейік, 24 маусым күні Бүкіләлемдік антидопингтік агенттік Жазғы Олимпиада ойындары өтетін Рио-де-Жанейро қаласының антидопингтік зертханасын да аккредиттеу құқығынан айырған болатын.