WADA допинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді қолдамайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік допингке  қарсы агенттік (WADA) тыйым салынған заттарды қолданған спортшыларға қылмыстық жауапкершілік енгізуді қажет деп санамайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат TACC агенттігіне сілтеме жасап.
None
None

Дегенмен, WADA атлеттерді допинг қолдануға үгіттеген немесе тыйым салынған дәрі-дәрмектерді таратқан тұлғаларды жазалауға бағытталған заңдарды қолдайды.

«WADA әр мемлекеттің өз азаматтары үшін заңдарды орнату егеменді құқығына араласпайды, бұл әрбір елдің айрықша жеке құқығы. Спортшыларға келер болсақ, агенттік шеттетілген спортшылардың Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сотына қайта шағымдану құқығын қамтитын - санкциялық үдерістердің өзі жеткілікті деп есептейді. WADA жүргізген көптеген құқықтық консультациялар көрсеткендей, спортшыларды екіден төрт жылға дейін жарыстардан шеттетудің өзі лайықты жаза болып табылады. Осылайша, WADA допинг қолданған спортшыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет емес деп есептейді, ол үшін спорттық қозғалыста қандай да бір алғышарттар да жоқ», - делінген WADA-ның хабарламасында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі допинг үшін спортшымен қатар, осы үдеріске қатысы бар барлық командаға қылмыстық жауапкершілік енгізуді қарастырып отырғанын мәлімдеген еді.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев допинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсыныстарымен асықпауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар