Washington Post: АҚШ Иранға қарай 150 ұшақ жұмылдырды

АСТАНА.KAZINFORM – Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы әскери операция жүргізу үшін Таяу Шығыстағы авиабазалар мен Еуропаға 150 әкери ұшақ жіберді.

ұшақ
Фото: armenpress.am

Арменпресс-тің хабарлауынша, бұл туралы авиациялық ресурстар мен спутниктік түсірілімдерге сілтеме жасап, The Washington Post жазған.

Басылымның жазуынша, АҚШ әскері 2003 жылғы Ирактағы соғыстан кейінгі өңірге осыншама ауқымда әскер жіберген емес. Әскери белсенділік АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен ядролық бағдарламаны шектеу жөнінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, соққы жасау мүмкіндігін меңзеген мәлімдемесінен кейін күшейген. Тегеран өкілдері келісімге келу ықтимал екенін айтқанымен, бұл үшін уақыт қажет екенін жеткізді.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі күштер ауқымы 2025 жылдың маусымында Иранның ядролық нысандарына жасалған америкалық соққылар алдындағы дайындықтан да ауқымды. Бұл бірнеше күнге созылуы мүмкін әскери науқанның сценарийі қарастырылып отырғанын аңғартады.

Басылым сонымен қатар ондаған қосымша ұшақ USS Gerald R. Ford ұшақ тасымалдаушы кемесінің бортында екенін жазады. Кеме 23 ақпанда Крит аралындағы базаға кірген. Бұл Таяу Шығысқа жіберілген екінші америкалық ұшақ тасушы кеме. Осылайша қазір АҚШ-тың қолданыстағы әскери-теңіз кемелерінің шамамен үштен бірі осы өңірге шоғырланып отыр.

Басылымға пікір білдірген, АҚШ Қорғаныс министрінің Таяу Шығыс жөніндегі бұрынғы орынбасары, қазіргі Вашингтон институты зерттеу директоры Дана Строулдың айтуынша, шоғырланған әскери күштің ауқымы әскерилердің Трамптың кез келген шешімін жүзеге асыруға дайын екенін көрсетеді.

Осыған дейін АҚШ әскерінің Сириядағы ең ірі базасынан шығарылып жатқаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум