WBO Жәнібек Әлімханұлын бір жылға жарыстардан шеттетті

АСТАНА. KAZINFORM – World Boxing Organization қазақстандық орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына тыйым салынған мельдоний заты бойынша оң нәтиже көрсеткен допинг сынамасына байланысты бір жыл мерзімге жарыстардан шеттету жазасын қолданды, деп хабарлайды Sports.kz.

Әлімханұлы
Фото: Жәнібек Әлімханұлының Instagram-дағы парақшасынан

Сонымен қатар чемпиондық атақтары спортшының өзінде қалдырылды.

Шеттету мерзімі ішінде қазақстандық боксшыға кез келген кәсіби немесе көрме жекпе-жектеріне қатысуға тыйым салынады. Орта салмақтағы бәсекелестікті сақтау және рейтингтегі үміткерлердің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында WBO уақытша чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізуге рұқсат берді. Рейтингтің бірінші сатысындағы Дензел Бентли екінші орында тұрған Энди Сааведрамен қолғап түйістіреді.

Ұйым сондай-ақ шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс екенін растады. Бұл талап орындалмаған жағдайда ұйым регламентіне сәйкес қосымша шаралар қабылдануы мүмкін. Аталған шешімге дейін аралық кездесу өткізуге жол берілмейді.

WBO президенті Густаво Оливьеридің мәлімдеуінше, Чемпиондық жекпе-жектер жөніндегі комитет шешімді бірауыздан қабылдаған. Жаза мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептеледі. Толық қорытындылар мен талаптар көрсетілген ресми құжат кейінірек жарияланады.

Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсан айының басында WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш бірдей белбеу үшін жоспарланған жекпе-жек қарсаңында қазақстандық спортшының сынамасынан антидопинг кодексімен тыйым салынған мельдоний заты анықталғаны белгілі болған еді.

Жәнібек Әлімханұлы WBO рейтингісінде әлі көш бастап тұр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум