WhatsApp аккаунтына бөтен құрылғы қосылса, не істеу керек – ІІМ кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM – Жеке деректерді қорғау мақсатында Ішкі істер министрлігі WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарға рұқсатсыз қол жеткізу фактілері туралы ескертеді.
ІІМ аккаунтыңыздың қауіпсіздігін күшейту үшін екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады.
Ол үшін WhatsApp қосымшасын ашып, «Баптаулар» бөліміне өтіңіз, «Аккаунт», одан кейін «Екі сатылы тексеру» бөлімін таңдап, «Қосу» батырмасын басыңыз. Алты таңбалы PIN-код орнатып, қолжетімділікті қалпына келтіруге арналған электрондық пошта мекенжайын енгізіңіз. Орнатылған PIN-кодты ешкімге хабарламаңыз.
Сондай-ақ аккаунтыңызға қосылған құрылғыларды тұрақты түрде тексеріп отыру қажет.
— Ол үшін мәзірді (оң жақ жоғарғы бұрыштағы үш нүкте) ашып, «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін таңдаңыз және қосылған құрылғылар тізімімен танысыңыз. Егер өзіңізге белгісіз құрылғыны байқасаңыз, оны таңдап, «Шығу» пәрменін басу арқылы қолжетімділікті дереу тоқтатыңыз. Аккаунтыңыздың бұзылғанын білдіретін негізгі белгілерге белгісіз құрылғылардың қосылуы, сіздің қатысуыңызсыз хабарламалардың жіберілуі, таныстарыңыздан сіздің атыңыздан күмәнді өтініштердің келіп жатқаны туралы хабарламалар, өзіңіз сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы келуі, сондай-ақ аккаунттан өздігінен шығып кету жатады.
Растау кодтарын ешкімге бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпаңыз. Жеке деректеріңіздің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыз. Аккаунтыңыздың бұзылу белгілері анықталған жағдайда, оны қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдап, құқық қорғау органдарына жүгініңіз. WhatsApp мессенджерінде рұқсатсыз белсенділік анықталған жағдайда «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық белсенді сеанстарды дереу аяқтап, екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгертіңіз және аккаунтыңыздың бұзылуы мүмкін екендігі туралы байланыстағы адамдарды хабардар етіңіз, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар телефон мен компьютерді зиянды бағдарламалардың бар-жоғына тексеріп, SMS немесе мессенджер арқылы келген растау кодтарын үшінші тұлғаларға ешқашан бермеңіз.
Егер танысыңыздан шұғыл түрде ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, міндетті түрде оған телефон арқылы немесе басқа байланыс құралы арқылы хабарласып, хабарламаны шынымен сол адамның өзі жібергеніне көз жеткізіңіз.
Айта кетелік Прокуратура алаяқтар жиі қолданатын тәсілдерін атаған еді.