Wishlist мәдениеті: Арулар 8 наурызға қандай сыйлық күтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары әлеуметтік желі кеңістігінде «вишлист» (wishlist) ұғымы кең таралды. Бұрын мереке қарсаңында қандай сыйлық алғысы келетінін тұспалдап жеткізетін қыздар қауымы қазір өздеріне қажетті дүниелерді ашық айтуды жөн санайды. Бұл заманауи тренд пе, әлде ысыраптың алдын алудың тиімді жолы ма? Біз вишлист мәдениетінің тарихына үңіліп, биылғы 8 наурыз қарсаңында арулардың көңіл қалауындағы сыйлықтар тізімін зерделеп көрдік.

сыйлықтар тізімі
Фото: freepik.com

Қалаған сыйлықтың тізімін жасау тарихы

Терминнің этимологиясына үңілсек, оның мәні ешқандай астарсыз-ақ түсінікті. Ағылшын тіліндегі «wish» (тілек) және «list» (тізім) сөздерінің қосындысы адамның ішкі қалауы мен жоспарын біріктіріп тұр. Бұл – адамның туған күніне, мерекелерге немесе жай ғана өзіне сатып алуды жоспарлаған заттарының жиынтығы. Оның форматы еркін. Бірі ескі әдіспен қағазға түртсе, енді бірі арнайы мобильді қосымшаларды пайдалана береді.

Вишлист мәдениеті біздің елде жаңадан тамыр жайып жатқанымен, оның әлемдік тарихы тереңде жатыр. Орта ғасырларда адамдар өз мақсат-мұраттарын хатқа түсіруді ниетті бекіту мен арманға жол ашу деп түсінген.

Алайда бұл үрдістің алғашқы нышандары сонау өткен ғасырдың 70-жылдарында Батыс елдерінде көрініс тапты. Сол кезеңдегі Рождество мерекесінің алдында балалардың Санта-Клаусқа арнап жазатын дәстүрлі хаттары бүгінгі тілектер тізімінің бастауы болды. Бүлдіршіндер өздері армандаған ойыншықтарын қағазға тізіп, оны «сиқырлы кейіпкерге» жолдайтын. Уақыт өте келе бұл әдемі отбасылық дәстүр америкалық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып, кейіннен бүкіл әлемге таралды.

Кейіннен бұл әдісті маркетологтер де іліп әкетті. Тұтынушының себетке салып, бірақ сатып алмаған заттары арқылы дүкендер сұранысты алдын ала болжап, жеке ұсыныстар дайындауды үйренді.

ш
Фото: Шолпанның жеке мұрағатынан

«Үшінші үтік пен қажетсіз әтірлерден шаршадық...»

Вишлист жасаудың этикалық жағына келгенде қоғам пікірі екіге жарылады. Бірі мұны ерсі қылық деп санаса, енді бірі тиімділік тұрғысынан қолдайды. Мысалы Астана қаласының тұрғыны Шолпан Амантай да вишлист жасауды әдетке айналдырған.

– Мен үшін вишлист – ең алдымен уақытты үнемдеу және сапа белгісі. Сөреде шаң басып тұратын үшінші үтікті немесе басымды ауыртатын ұнамсыз әтірлер алғанша, нақты қажет сыйлықтар тізімін көрсеткенді жөн көремін. Тізімге кітаптан бастап, сұлулық салонына сертификатқа дейін жазамын. Бұл сыйлық берушіні де «ұнай ма, ұнамай ма?» деген уайымнан құтқарады. Ол өз бюджетіне сай келетінін таңдаса болғаны, – дейді ол.

Ерлер қауымы да бұл үрдіске біртіндеп бейімделіп келеді. Қала тұрғыны Асхат Аманжоловтың айтуынша, бұл сыйлық беру мәдениетінің жаңа деңгейі.

– Қыздардың өз қалауын ашық айта бастағаны бізге, ерлерге, үлкен жеңілдік болды. Не сыйларыңды білмей басың қатқанда, дайын тізімге қарап таңдау жасаған ыңғайлы. Ең бастысы – сол заттың иесіне керек екеніне және қуаныш сыйлайтынына нық сенімді боласың, – деген пікір білдірді ол.

сыйлықтар тізімі
Коллаж: Kazinform/ freepik

2026 жылдың трендтері

Биылғы қалаулы сыйлықтар тізімінде материалдық құндылықтардан көрі рухани және эмоционалдық сұраныс басым. Маркетолог Жанара Ысқақова биылғы нарықтағы негізгі үш бағытты атап өтті.

Біріншіден, қыз келіншектер затқа қарағанда жаңа әсер, эмоция беретін сыйлықтар алуға құштар. СПА-орталықтарға жолдама, мастер-класстар, фотосессияға сертификат немесе Бурабай секілді демалыс орындарына кішігірім саяхат жоғарғы сұранысқа ие.

Екінші бағыт – арнайылап жасаған сыйлықтар. Жай ғана дүкеннен алынған дүние емес, дәл сол адамға арналып жасалған, мысалы есімі жазылған, арнайы логотипі бар немесе естелік суретпен безендірілген сыйлықтардың құны жоғары.

маркетолог
Фото: Жанар Ысқақованың жеке мұрағатынан

Үшінші бағытқа сұлулық гаджеттері жатады. Технология дамыған заманда түрлі стайлерлер, бет күтіміне арналған аппараттар мен ақылды құрылғылар вишлисттің басқы жағынан орын алады.

– Әрине, гүл шоқтары, классикалық парфюмерия мен зергерлік бұйымдар ешқашан сәннен қалмайтын сыйлықтар тізімінде қала береді, – дейді маман.

Арулардың шынайы вишлисі: Топ-5 бағыт

Біз әлеуметтік желілерде қыз-келіншектердің бүгінгі талғамын бағамдап көрдік. Шыны керек, қазіргі арулардың қалауы тек материалдық затпен шектелмейді. Олар үшін сыйлықтың «пайдасы» мен «эмоциясы» бірінші орында. Сонымен, биылғы трендтегі сый-сияпат тізіміне көз жүгіртіңіз:

Тән мен жанның тыныштығы

Қаланың қарбаласынан шаршаған арулар үшін ең тәтті сыйлық – тыныштық. Сондықтан СПА-программалар, кәсіби массаж немесе йога студиясына жолдама алғысы келетіндер өте көп. Сонымен қатар, үй жағдайында күтім жасауға арналған корей косметикасының жиынтықтары да өзектілігін жоғалтпады.

Инвестиция 

Уақыт – ең қымбат ресурс. Сондықтан қазіргі қыздар тек сөреде тұратын затты емес, өзіне жаңа мүмкіндік сыйлайтын дүниелерді жоғары бағалайды. Шетел тілін меңгеруге арналған курстар, психологиялық вебинарлар немесе кәсіби дағдыны шыңдайтын тренингтер жоғары сұраныста. Мұндай таңдау жасаған арулар үшін білім мен тәжірибе кез келген әшекейден қымбат.

төсек
Фото: pexels.com

Үйдің жайлылығына арналған сыйлықтар

Жайлылық – кішігірім детальдардан құралады. Сондықтан вишлистерде ақылды үй гаджеттерімен қатар, үйдің ішін жұпар иіске бөлейтін авторлық шамдар мен ұйқының сапасын жақсартатын қымбат төсек жабдықтары жиі кездеседі.

Технологиялық көмекшілер

Мұнда классикаға айналған сымсыз құлаққаптар мен электронды кітаптардан бөлек, әр қыздың арманы – шашқа зиян келтірмейтін заманауи стайлерлер көш бастап тұр.

Эстетика мен сұлулық

Көздің жауын алатын дүниелер де назардан тыс қалмады. Таңғы асты мейрамханадағыдай сезіндіретін авторлық керамикалық ыдыстар немесе киім-кешек, аксессуар таңдауға мүмкіндік беретін сүйікті брендтердің сертификаты кез келген арудың көңілін жібітетін сыйлықтар қатарында.

Батыс мәдениетінен келген бұл үрдіс қазақ қоғамында да өз орнын тауып келеді. Әрине, кейбіреулер үшін бұл «шынайы тосынсыйдың» мәнін кетіретіндей көрінуі мүмкін. Алайда, нарық заманында ысырапқа жол бермей, адамның көңілінен шығатын дүниені ұсыну – шынайы көңілінің белгісі болса керек. Қалай десек те, сыйлықтың ең бастысы тізімдегі зат емес, сол тізімді орындайтын жанның ілтипаты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қызғалдақ пен раушан бағасын зерттеген едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум