World Boxing: Азия чемпионатында Айым Таңқыбаева жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - World Boxing аясында Таиланд астанасы Бангкок қаласында 19 дейінгілер арасында бокстан 2025 жылғы Азия чемпионатында 5 тамызда Айым Таңқыбаева (51 келі) жартылай финалға жолдама алды.

Қазақстандық былғары қолғап шебері ширек финалда Моңғолия өкілі Сувд-Эрдене Баянмунхпен қолғап түйістірді. Төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс Айымға берілді.
Ал Диана Серікбаева (48 келі) ширек финалда жапониялық Момоко Хасебеиен шеберлік байқасты. Дегенмен ол қарсыласына төтеп бере алған жоқ. Салдарынан қарсыласына есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады.
Айта кетсек, бүгін енді ел құрамасынан алты боксшы сынға түседі. Күндізгі сессияда 12 жұпта Жанель Имантаева (54 келі) Оңтүстік Корея өкілі Джиэ Ким, 13 жұпта Аяжан Ермек (57 келі) таиландтық Чавалук Соннум, 18 жұпта Алина Кудайгенова (60 келі) Оңтүстік Корея спортшысы Джихье Хонмен шаршы алаңға шығады.
Сондай-ақ кешкі сессияда 2 жұпта Ақбота Есімбекова (65 келі) қырғызстандық Айпери Адылбекова, 7 жұпта Мария Сидоренко (70 келі) қытайлық Альмира Абдураим, 9 жұпта Зарина Толыбай (75 келі) үндістандық Аарти Кумаримен кездеседі.
Құрлықтық дода 30 шілде-12 тамыз аралығына белгіленген. Оған 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түрікменстан, Өзбекстан, БАӘ, Въетнам, Бутан бар.