World Boxing: Азия чемпионатында қазақстандық екі боксшы күміс алды
АСТАНА. KAZINFORM - World Boxing аясында Таиланд астанасы Бангкок қаласында 19 жасқа дейінгі ұлдар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екі күміс медаль алды.
Құрлықтық дода финалында Әділет Тортубек (60 келі) ирандық Али Чигриханиге 2:3 есебімен жол берді.
Ал Бибарыс Әшірбай (70 келі) өзбекстандық Абдулазиз Журакуловқа есе жіберді.
Енді отандастарымыз арасынан Тимур Тайбеков (80 келі) өзбекстандық Норбек Абдуллаев, Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) өзбекстандық Самир Собиров, Расул Асанханов (90 келі) үндістандық Хемант Сангванмен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, бұдан бұрын 19 жасқа дейінгі қыздар арасында ел құрамасынан Құралай Егінбайқызы (80 келі) Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Ал Аяжан Ермек (57 келі) күміс жүлдегер атанса, Айым Таңқыбаева (51 келі), Жанель Имантаева (54 келі), Алина Кұдайгенова (60 келі), Ақбота Есімбекова (65 келі) және Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) үздік үштікті түйіндеді.
Құрлықтық дода 30 шілде-12 тамыз аралығына белгіленген. Оған 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысады деп жоспарланып отыр.