World Boxing: Даниял Сапарбай әлем кубогында жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияда өтіп жатқан бокстан World Boxing аясында әлем кубогының бірінші кезеңіндегі екінші жарыс күнінде Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) жартылай финалға шықты.

бокс
Фото: instagram.com/danyal___saparbai

Қазақстандық боксшы ширек финалда үндістандық Нарендер Нарендерді қапы қалдырды.

Жекпе-жек тартысты өтті. Нәтижесінде Даниял қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетсек, бүгін қазірге дейін ел құрамасынан Талғат Сырымбетов (60 келі) бразилиялық Луис Оливейраға, Анита Адишева (54 келі) польшалық Виктория Рогалинскаяға есе жіберді.

Енді Нұрзат Оңғаров (50 келі) өзбекстандық Асылбек Жалилов, Алмат Әбдуали (65 келі) бразилиялық Юри Рейспен қолғап түйістіреді.

Сондай-ақ әлем кубогында еліміздің атынан ерлер құрамасында олардан басқа Дархан Дүйсебай (70 келі), Диас Молжігітов (80 келі), Дәулет Төлемісов (85 келі) сайысқа түседі.

Әйелдер құрамасынан Анитадан өзге Жазира Орақбаева (51 келі) мен Ұлжан Сәрсенбек (57 келі) бар.

Соңғы жаңалықтар