World Boxing: Элина Базарова бокстан әлем чемпионатын аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — World Boxing аясында Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионатында бүгін, 4 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан Элина Базарова (54 келі) шаршы алаңға шықты.

Отандасымыз өзбекстандық Нигина Уктамовамен кездесті. Алғашқы екі раунд өзбек боксшысының басымдығымен аяқталды. Нәтижесінде жалпы қорытынды бойынша жеңіс Нигина Уктамоваға берілді.
Елдос Сайдалин бастаған бапкерлер әйелдер құрамасында төмендегі былғары қолғап шеберлеріне сенім артты.
Алдағы әлем чемпионатында еліміздің атынан Элинадан өзге Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) сынға түседі.
World Boxing ұйымының аясында алғаш рет Ливерпуль (Англия) қаласында өтетін әлем чемпионатына 68 елден барлығы 554 (ерлер — 329, әйелдер — 225) келді.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өткізіледі. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде сайысқа түседі. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай болса, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.
Бұдан бұрын World Boxing аясында Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионатынында Қазақстан боксшылары алғашқы жекпе-жегін қашан өткізетіні анықталды.