World Boxing: финалда бүгін қазақстандық екі боксшы сынға түседі

АСТАНА. KAZINFORM - Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем кубогы финалында 20 қарашада ел құрамасынан екі боксшы шаршы алаңға шығады.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Ел құрамасынан Нұрбек Мурсал (70 келі) финалда үндістандық Хитеш Хитешпен кездессе, Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі) өзбекстандық Жасурбек Юлдошевпен қолғап түйістіреді.

Кешкі сессия Қазақстан уақытымен 17:30-да басталады.

Еліміздің ерлер құрамасында Нұрбек пен Сұлтанбектен өзге Нұрзат Оңғаров (50 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Санжарәлі Бегалиев (80 келі), Бекзат Таңатар (90 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) әлем кубогына келді.

Ал әйелдер құрамасында Ақбота Болат (48 келі), Жансая Рахымберді (51 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диана Мағауияева (80 келі), Әсел Тоқтасын (80 келіден жоғары) сынды боксшыларға сенім артылды.

Беделді бәсеке 16-20 қараша аралығында өтіп жатыр. Оған Қазақстан атынан ерлер құрамасынан 8, ал әйелдер құрамасынан 5 спортшы қатысуға мүмкіндік алды.

Әлем кубогі үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында болса, одан кейін шілде айында Астана да жалауын көтерді.

Бірінші кезеңде отандастарымыз 3 алтын, 3 қола алса, екінші кезеңде 8 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлдеге ие болды.

Соңғы жаңалықтар