World Boxing: Расул Асанханов 19 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық Расул Асанханов (90 келі) World Boxing аясында Таиланд астанасы Бангкок қаласында 19 жасқа дейінгі ұлдар арасында өткен Азия чемпионы атанды.

Отандасымыз финалда үндістандық Хемант Сангванмен қолғап түйістірді. Ол қарсыласын екінші раундта нокдаунға жіберді. Осылайша қазақстандық боксшы Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Құрлықтық дода финалында Әділет Тортубек (60 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) күміс жүлде алды.
Айта кетсек, бұдан бұрын 19 жасқа дейінгі қыздар арасында ел құрамасынан Құралай Егінбайқызы (80 келі) Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Ал Аяжан Ермек (57 келі) күміс жүлдегер атанса, Айым Таңқыбаева (51 келі), Жанель Имантаева (54 келі), Алина Кұдайгенова (60 келі), Ақбота Есімбекова (65 келі) және Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) үздік үштікті түйіндеді.
Енді 22 жасқа дейінгілер арасындағы финал 12 тамыз күні болады.
Құрлықтық дода 30 шілде-12 тамыз аралығына белгіленген. Оған 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысады деп жоспарланып отыр.
Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Въетнам, Бутан бар.