World Boxing: Таиландтағы Азия чемпионатында бес боксшы финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - World Boxing аясында Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында бүгін қазақстандық бес боксшы финалға шықты.
Алдымен Нұрислам Қалдыбаев (60 келі) бутандық Дечен Дорджиді мерзімінен бұрын жеңсе, Илья Калининнің (65 келі) филиппиндік қарсыласы Марк Эшли Фаджардоның жарыстан бас тартуына байланысты ақтық сынға өтті.
Ал Нұрбек Мұрсал (70 келі) малайзиялық Мухаммад Арифтен басым түссе, жартылай финалда Санжарәлі Бегалиев (80 келі) үндістандық Анкушты, Темірлан Мұқатаев (90 келі) оңтүстіккореялық Ячан Мунды жеңіп, финалға жолдама алды.
Жарыс күнінің екінші бөлімінде әйелдер арасындағы жартылай финалдық жекпе-жектер өтеді. Онда Гүлназ Бөрібаева (48 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Шұғыла Нәлібай (75 келі) және Әсел Тоқтасын (80 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.
Құрлықтық дода 30 шілде-12 тамыз аралығына белгіленген. Оған 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Въетнам, Бутан бар.