WTA қорытынды турнирі: Елена Рыбакина финалда әлемнің 1-ракеткасын ұта ала ма
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) WTA қорытынды турнирінің финалдық кездесуін өткізеді.
Қазақстандық теннисшінің финалдағы қарсыласы аса мықты – әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко.
Қарсыластар осыған дейін 13 кездесу өткізіп, соның сегізінде Соболенко жеңіске жеткен.
2023 жылы Аустралия ашық чемпионатының финалында А.Соболенконың Е.Рыбакинаны 4:6, 6:3, 6:4 есебімен ұтқаны белгілі.
Кейінгі ойындарға зер салсақ, биыл Берлин турнирінің ширек финалында аса тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші төрт матчболын пайдалана алмай, 6:7 (6:8), 6:3, 6:7 (6:8) есебімен есе жіберді. Есесіне Цинциннатиде (АҚШ) 6:1, 6:4 есебімен қарымта қайырды. Ал Уханьда (Қытай) жеңіс Соболенконың еншісінде кетті – 6:3, 6:3.
Эр-Риядтағы жылдың қорытынды турнирінде Соболенко да, Рыбакина да төрт матчының бәрінде жеңіске жетті.
Бұдан үш жыл бұрын А.Соболенко финалға дейін жетіп, онда франциялық Каролин Гарсияға жол берген еді. Ал Е.Рыбакина соңғы бәсекеге алғаш рет шығып отыр. Демек, қос теннисшінің біреуі чемпиондық атаққа ие болмақ.
Ойын Қазақстан уақытымен сағат 21.00-де басталады.
Чемпион атанған теннисші турнирдегі барлық жеңісінің нәтижесімен 5,235 млн доллар (2,747 млрд теңге) табыс табады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турнирінің финалына шыққанын жазған едік.