X Баку халықаралық кітап көрмесі Кемел Тоқаев кітабының тұсаукесерімен ашылды

БАКУ. KAZINFORM – Бакуде көрнекті қазақ жазушысы және қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың әзербайжан тілінде жарық көрген «Ерекше тапсырма» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кемел Тоқаев
Фото: Серікбол Кошмағанбетов/ Kazinform

Кітап Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен басылып шықты. Тұсаукесер X Баку халықаралық кітап көрмесі аясында өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Парламент депутаттары, Әзербайжанның мемлекеттік құрылымдары мен зиялы қауымының өкілдері және т.б. қатысты.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, түркі әлемінің көрнекті тұлғаларының шығармашылығын насихаттау Түркі мәдениеті және мұрасы қоры қызметінің басты бағыттарының бірі саналады. Осы тұрғыда Қор «Түркі әлемінің көрнекті тұлғалары», «Түркі әлемінің әдеби інжу-маржандары», «Түркі әлемінің ғылыми інжу-маржандары» сияқты кітап серияларын шығарып жатыр.

«Қазақтың көрнекті жазушысы әрі қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың «Түркі әлемінің әдеби інжу-маржандары» сериясына жатқызылған «Ерекше тапсырма» кітабы қордың кезекті шығарылымы болды. Кемел Тоқаев – түркі мәдениеті мен сөз өнерінің дамуына зор үлес қосқан адам. Ол жазушылық қызметтен бөлек, Қазақстанның маңызды мәдени және әлеуметтік мәселелерін жарыққа шығара отырып, журналистикамен де айналысты», - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.

Мемлекет басшысының Кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қошемет білдіріп, Кемел Тоқаевтың қазақ әдебиетіндегі детективтік жанрдың негізін қалаған жазушы екенін атап өтті.

«Оның әрбір жұмысы мұрағаттық деректер негізінде жазылды. Ол өз заманының рухын көрсетіп, тарихта ұмытылмас із қалдырды», - деді кеңесші.

Мәлік Отарбаевтың айтуынша, Баку тұрғындары үшін шығарманың әзербайжан тіліне аударылып, тұсаукесерінің кітап көрмесінде өтуі айрықша маңызға ие. Автордың қаламынан шыққан әр шығарма болашақ ұрпаққа мұра болып қалатын дүние.

Әзербайжанның халық жазушысы Анар Рзаев Қазақстанға деген сүйіспеншілік біртуар тұлға Абай туралы мақала жазуға түрткі болғанын жеткізді. Бауырлас қазақ халқына деген ықыласы ерекше екенін атай отырып, жазушы Кемел Тоқаевтың шығармашылығына да зор құрмет білдірді.

Әзербайжанның белгілі жазушысы Чингиз Абдуллаев шығарманың Әзербайжан мен Қазақстан халықтары арасындағы мәдени және әдеби байланыстарды одан әрі нығайтуға өз үлесін қосатынын әрі оқырман тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болатынын атап өтті. Ч.Абдуллаев детектив жанрында жазатын қаламгер ретінде Кемел Тоқаевтың күрделі де қызықты тағдырына айрықша таңғалғанын атап өтті.

Кемел Тоқаев
Фото: Серікбол Кошмағанбетов/Kazinform

Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті академик Иса Габиббейли Кемел Тоқаевтың кітабын әзербайжан тілінде басып шығару оқырмандарға қазақ әдебиеті қайраткерінің шығармашылығымен әрі қарай жақынырақ танысуға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Әзербайжандағы Ататүрік орталығының директоры академик Низами Джафаров та кітап туралы ойын ортаға салды. Ол шығармада кеңес дәуіріндегі фашизмге қарсы күрес тарихы кеңінен баяндалғанына назар аударады. 

Кемел Тоқаев
Фото: Серікбол Кошмағанбетов/Kazinform

Милли Мәжілістің қоғамдық бірлестіктер мен діни ұйымдар жөніндегі комитетінің төрағасы Фазиль Мұстафа Кемел Тоқаевтың шығармашылығы туралы айта келе, осындай іс-шараларды дәстүрге айналдырудың маңызды екенін атап өтті. 

Кемел Тоқаев
Фото: Серікбол Кошмағанбетов/Kazinform

Естеріңізге сала кетер болсақ, 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы және Әзербайжан әдебиетінің ХХ ғасырдағы классигі Мир Жалал Пашаевтың 115-жылдығына арналған «Түркі әдебиетінің тарландары» халықаралық конференциясында Кемел Тоқаевтың әзербайжан тіліндегі «Түнде атылған оқ» атты повестер жинағының тұсаукесері өткен етін. Қос Мемлекет басшылары қазақ-әзербайжан қатынастарының одақтастық сипатын айрықша атай отырып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту қажеттігіне ерекше мән беріп отыр.

Презентацияға қатысушылар К. Тоқаев шығармаларының жоғары көркемділігіне де назар аударды.

Соңғы жаңалықтар