XIII Азаматтық форумда қандай мәселе көтерілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда өткен ХІІІ Азаматтық форум қорытындыланды. Алматы азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов пен адам денсаулығына қауіп факторларының зиянын азайту жөніндегі ұлттық қауымдастық – «Денсаулық» ЗТБ төрайымы Бақыт Түменова өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы ауқымды іс-шарада көтерілген мәселелер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Айтуларынша, форум пандемиядан кейін алғаш рет офлайн форматта өтті. Форум бағдарламасы пленарлық отырыстан және тұрақты даму мақсаттарына арналған бес панельдік сессиядан тұрды.

«Биылғы форумның тақырыбы тұрақты даму мақсаттарына және осы мақсаттарды іске асыруға арналды. Біз форумға 300-ге жуық адам қатысады деп жоспарлағанбыз, бірақ қорытындысында 400-ден астам адам болды. Қатысушылар тек Алматыдан ғана емес, тоғыз өңірден үкіметтік емес ұйым, азаматтық қоғам, мемлекеттік құрылым өкілдері болды. Біздің форум іс жүзінде алаң ретінде барлық бағыт пен Азаматтар санатының өкілдерін жинады», - деді Қайыржан Әбдіхалықов.

Форум жұмысына қоғамдық кеңес мүшелері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, азаматтық белсенділер, қалалық басқармалардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы мен бизнес өкілдері қатысты.

«Панельдік сессиялар барлық ТДМ мәнін ашатын тұрақты дамудың негізгі мақсаттарына арналды. Өздеріңіз білетіндей, бізде БҰҰ қабылдаған 17 тұрақты даму мақсаты бар. Олар дәл XXI ғасырға бағытталған және проблемаларды да, оларды шешу жолдарын да көрсетеді. Аштықпен, кедейлікпен күресуден бастап мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогқа дейін. Біз панельдік сессиялар өткізген бес үлкен бағытқа назар аудардық», - деп бөлісті спикер.

Бірінші панельдік сессияның модераторы адам денсаулығына қауіп факторларының зиянын азайту жөніндегі ұлттық қауымдастық – «Денсаулық» ЗТБ төрайымы Бақыт Түменова болды.

«Біздің қала елдегі ең ірі қалалардың бірі және оның өзіндік проблемалары бар. Біз осыған назар аударуға тырыстық. Жастар арасында есірткінің таралуы және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың проблемалары көтерілді. Біз үшін бұл проблемалық мәселелерді көтеру және талқылау маңызды болды. Өйткені бұл – біздің ұйымның қауіп факторларының бірі. Біз алты қауіп факторы бойынша зиянды азайту тұжырымдамасын әзірледік. Бұл – темекі шегу, алкоголь, есірткі, тамақтану, физикалық белсенділік және репродуктивті мәдениет. Профилактикалық жұмыс пен салауатты өмір салты өте маңызды. Біз халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұсыныстар әзірледік», - деді ол.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, форумның басты мақсаты – қоғамдық ұйымдарды бір жерге жинап, қаланың түрлі өзекті мәселелерін талқылау. Бүгін ұйымдастыру комитеті панельдік сессиялар барысында әзірленген ұсыныстарды қарайды.


Соңғы жаңалықтар