XV ғасыр неге қазақ тарихында ерекше із қалдырды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берекет Кәрібаев XV ғасырды қазақ тарихындағы айтулы кезең деп сипаттайды. Оның айтуынша, бұл кезеңде тек саяси өзгеріс емес – қазақ халқының этникалық қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуы қатар жүрді.
Бетбұрыс па, жаңа дәуір ме
Көп еңбекте «Қазақ хандығының құрылуы — бетбұрыс кезең» деп жазылады. Алайда Берекет Кәрібаев мұнымен келіспейді.
Оның айтуына қарағанда, кейбір тарихи даталар бүкіл бір халықтың тағдырын өзгертеді.
Сондай оқиғаның бірі — Қазақ хандығының құрылуы. Бұл жай «бетбұрыс» емес, тұтас жаңа дәуірдің басталуы еді.
— Бетбұрыс — бір істің, жағдайдың не бағыттың бұрынғысынан өзгеше жаңа арнаға ауысуы. Мысалы, XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның Ресейге бодан болуы — нағыз саяси бетбұрыс. Ал XV ғасырдың ортасынан бастап қазақ халқы өз тарих сахнасына дербес этнос пен біртұтас мемлекет ретінде шықты. Бұған дейінгі кезең — қазақ халқының этникалық қалыптасуына алғышарт болған ұзақ үдерістер, — дейді профессор.

Әбілқайыр хандығындағы саяси дағдарыс және биліктің әлсіреуі
Қазақ хандығының құрылуының алғышарттарын түсіну үшін сол дәуірдегі жағдайға көз жүгірту қажет.
XV ғасырдың басындағы Дешті Қыпшақ аумағында Ақ Орда мемлекеті болды. Бұл мемлекеттің соңғы ханы — Жәнібек сұлтанның әкесі Барақ.
Кәрібаевтың айтуынша, ол қаталдығымен, шешімді жалғыз өзі қабылдайтын мінезімен белгілі болған. Оны «бураға» теңегені туралы деректер де бар.
— 1428 жылы Барақ өлгеннен кейін ру-тайпа көсемдері оның ұлдарын емес, небәрі 16 жастағы Шайбан ұрпағы Әбілқайырды таққа отырғызады. Бұл таңдаудың өзі бұрынғы «Шыңғыс әулетінің дара билігі» қағидасының әлсірегенін көрсетті. Ханның кім болатынын енді тек әулет емес, ру басылары шешетін жағдай қалыптасты, — дейді ол.
Әбілқайыр алғашында осы ру көсемдерінің қолдауымен Батыс Қазақстандағы Шайбани ұлыстарын біріктірді. Чинги-Тураны өзіне қаратты. Үргенішке жорық жасады. 1446 жылы Сырдарияның орта ағысын түгелдей бағындырды.
Алайда билігі күшейген сайын ол Шыңғыс хан дәстүріне сүйеніп, жеке дара билік жүргізуге тырысты. Бұл бұрынғы қыпшақ ортақтығы қағидаларына сай келмеді және ру-тайпа басыларының наразылығын күшейтті.
Тарихшы наразылықтың айқын дәлеліне бір мысал келтірді.
— 1428 жылы Әбілқайырды 71 ру қолдаса, 1457 жылы ойраттармен соғыс алдында тек 17 ру әскер берді. Қалғаны ханға, оның билігіне қарсы болды. Әбілқайыр хан басқарған ру-тайпалар тарихта «көшпелі өзбектер» деп аталды. Оның құрамында 92 ру болған. Алайда ішкі саяси тұрақсыздық соңында бөліністерге себеп болды, — деді ғылым докторы.
Қобыланды — Ақжол оқиғасы: Керей мен Жәнібектің бөлінуі
Кәрібаевтың пайымдауынша, Әбілқайырдың әділетсіздігіне халықтың көзі әбден жеткен тұс — Қобыланды батырдың арғын биі Ақжолды өлтіруі. Оның сөзінше, бұл оқиға шешуші рөл атқарды.
— Арғын тайпасы «қанға қан» деген талап қойды. Алайда Әбілқайыр Қобыландыны ұстап берсе, қыпшақтар көтерілетінін білді. Сондықтан басқа адамдарды жазалаумен шектелді. Бұл ру басыларының ашуын туғызды. Сол кезде Керей мен Жәнібек «Әбілқайыр әділ билік жүргізе алмайды» деп есептеп, өздеріне қарасты руларымен бірге бөлініп кетті. Бұл — хандық ішіндегі соңғы ірі бөлініс болды, — дейді тарихшы.

Оған дейін шамамен 1450 жылы маңғыттар бөлініп кетті. 1457 жылы Шайбан әулетінің өз ішінде Береке сұлтан өзінің әкесін хан көтеріп, ұлыс екіге жарылды.
— Осының бәрі хандықтың іргесін шайқалтты. Белгісіздік пен дау-дамай күшейді. Қазақ хандығының пайда болуы — тосын шешім емес, ішкі дағдарыстан туған тарихи қадам, — дейді ол.
Берекет Кәрібаев ғалым Тұрсын Сұлтановтың «Қазақ хандығының құрылуы — этникалық (қазақ халқының қалыптасуы) және саяси (хандықтың пайда болуы) үдерістердің бір уақытта жүріп, бірін-бірі аяқтаған тарихи құбылыс» дейтін тұжырымын құптайды.
Академиктің айтуынша, XV ғасыр — қазақтың тарихи сахнасына ұлт, халық, мемлекет ретінде шыққан кезі.
Бұл дәуір тек саяси құрылымның өзгеруі емес, бүкіл этникалық даму жолының аяқталуы.
Еске салайық, бұған дейін тарихшы қазақ-жоңғар соғысы не себепті бірнеше ғасырға созылғанын түсіндіріп берген еді.
Ал оның алдында Қазақ мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси қарым-қатынасын реттеген алғашқы жүйелі құқықтық құжат — «Қасым ханның қасқа жолы» туралы жазғанбыз.