XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан қашан шығады

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Италияда басталатын XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасы реттік саны бойынша қашан шығатыны белгілі болды.

Олимпиада
Фото: Сали Сабиров

Дүбірлі дода 6-22 ақпан аралығында өткізіледі. Оған әлемнің 90-нан астам елінен шамамен 2 900-3 500 спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстандық көрермендер бүгін XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімін Астана уақыты бойынша сағат 23:50-ден бастап Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.

Салтанатты рәсімде отандастарымыз реттік саны бойынша 44-ші болып шығады.

Еліміз биыл қысқы Олимпиада ойындарында 36 спортшыға үміт артып, жалпы тізімде 24-орынға табан тіреп отыр. Дүбірлі додада еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынайды.

Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Бұл тізімде Олимпиада ойындары алғаш өткізілген Грекия құрамасы көш бастаса, одан кейінгі кезекте Албания, Андорра, Сауд Арабиясы, Аргентина, Армения, Аустралия. Аустрия, Әзербайжан, Бельгия құрамалары жанкүйерлермен қауышады.

Соңғы жаңалықтар