Ядролық физика институтында ғалымдарға арналған заманауи жатақхана пайдалануға берілді

АСТАНА.KAZINFORM - Ядролық физика институтында 166 қызметкер мен маманға арналған жаңа жеті қабатты жатақхана пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдарында ғылыми-зерттеу ұйымы үшін арнайы салынған бірегей тұрғын үй нысаны.

Ядролық физика институтында ғалымдарға арналған заманауи жатақхана
Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев қатысты.

Ғимараттың жалпы аумағы 5082 шаршы метр. Жоба жас ғалымдар мен мамандарға қолайлы тұрмыс жағдайын жасауға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның ядролық кластерін қалыптастыру аясында ғылыми бастамаларды дамытуға бағытталған.

Ядролық физика институтында ғалымдарға арналған заманауи жатақхана
Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Жатақхана заманауи талаптарға сай салынған және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Жартылай жертөле қабатында жаттығу залы, кір жуу бөлмесі және қызметтік үй-жайлар орналасқан. Бірінші қабатта кең вестибюль мен қабылдау аймағы, коворкинг кеңістігі, арнайы келіссөздер залы және 50 орынға арналған асхана қарастырылған. Әрбір тұрғын бөлме душ кабинасы бар жеке санитарлық тораппен жабдықталған, бұл тұрмыстық қолайлылық пен жеке кеңістіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Ғимаратты жобалау барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта талаптары да ескерілген.

Ядролық физика институтында ғалымдарға арналған заманауи жатақхана
Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Агенттік төрағасы заманауи әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру ғылымды дамытудың стратегиялық инвестициясы екенін атап өтті.

- Қолайлы әлеуметтік орта – мықты ғылыми мектептің негізі. Осындай жағдайда тұрақты ұжымдар қалыптасады, талантты жастар тартылады және отандық атом саласының болашағын айқындайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Институттың бас директоры Саябек Сахиев жатақхананың пайдалануға берілуі инфрақұрылымды жаңғырту және ядролық медицина, радиациялық технологиялар мен іргелі зерттеулер бағыттарын дамыту жөніндегі жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі екенін атап өтті.

асхана
Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Жаңа жатақхананың пайдалануға берілуі Институттың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болды. Жоба жас ғалымдар мен мамандар үшін орнықты кәсіби орта қалыптастырып, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның атом саласының стратегиялық міндеттерін іске асыруға бағытталған заманауи ғылыми экожүйені қалыптастыруға серпін береді.

Осыған дейін Алматыда 482 орындық жаңа студенттік жатақхана ашылғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум