Ядролық қаруды бақылау дәуірі аяқталды, енді не болмақ
АСТАНА. KAZINFORM – 5 ақпанда стратегиялық қаруларды шектеу жөніндегі СНВ-3 келісімінің мерзімі аяқталуы маңызды әскери межені ғана емес, сонымен қатар жаһандық қаруды бақылау жүйесіндегі тұтас бір дәуірдің түйінделгенін аңғартады. Әлем стратегиялық айқынсыздық кезеңіне аяқ басты. Мұның халықаралық қауіпсіздікке қандай қауіп-қатер төндіретіні жайында Kazinform агенттігі халықаралық шолушысының материалында кеңінен қамтылған.
Ядролық қарусыздану неліктен бәріне тиімді болды
Бұл дәуір КСРО мен АҚШ және олардың одақтастары арасында жүрген қырғи-қабақ соғыс кезеңімен тығыз байланысты. Дұрысында соғыстың өзі емес, сол жағдайдан шығу жайында болды.
Бірінші СНВ-1 келісімшарты 1991 жылы шілдеде, КСРО ыдырауына жарты жыл қалғанда, алты жылға созылған күрделі келіссөздерден кейін қол қойылды. Құжат әр тараптың ядролық оқтұмсықтар санын 6 мыңға дейін қысқартуды көздеді. Алайда іс жүзінде олардың саны бұдан көп еді. Өйткені келісімшарт оқтұмсықтардың нақты санын емес, оларды тасымалдаушылардың санын шектеді. Ауыр бомбалаушы ұшақтары көбірек болған АҚШ теориялық тұрғыдан көбірек оқтұмсық орналастыра алатын. Бірақ, КСРО үшін 1991 жылы жағдай саяси да, экономикалық тұрғыдан да аса күрделі күйге жеткен болатын.
Әрине, мұндай жағдайда Кеңес одағы әскери-өнеркәсіп кешеніне, оның ішінде ядролық қаруға бұрынғыдай ауқымда қаржы жұмсауды жалғастыра алмады. Сонымен қатар Батыс елдерінің несиеалуға жәрдемі де қажет-ті. 1986 жылғы ең жоғары кезеңде КСРО-ның тактикалық ядролық қаруды қоса алғанда 40 мыңға дейін ядролық заряды болуы ықтимал. Ал келісімге қол қойылар тұста КСРО мен АҚШ-тың әрқайсысында шамамен 23 мың оқтұмсық бар еді. Оларды 6 мыңға дейін қысқарту айтарлықтай ілгерілеу болғаны анық.
КСРО-дағы 1991 жылғы терең дағдарысты ескерсек, СНВ-1 келісіміне қол қою қырғи қабақ соғыстан салыстырмалы түрде лайықты шығудың бір жолы болды. Кеңес одағы үшін бұл шамадан тыс ауыр жүктемелерден бас тартумен де байланысты. АҚШ үшін КСРО бетпе-бет келген қиындықтар аясында оқиғалардың бақылаусыз өрбуіне жол бермеу ниеті басым. Өйткені, СНВ-1 келісімінің басты мәні – қарсы тараптар үшін бір-бірінің ең жойқын қару-жарақ қорларының жай-күйіне қатысты ашықтықты қамтамасыз ету.
КСРО-ның ядролық мұрасы және Будапешт ымырасы
КСРО ыдырағаннан кейін оның барлық ядролық қаруы Ресейге берілді. АҚШ үшін КСРО-ның ядролық әлеуетінің бірнеше мұрагерімен емес, бір ғана мемлекетпен жұмыс істеу әлдеқайда қолайлы болғаны түсінікті. Оның нәтижесінде Будапешт меморандумы қабылданып, соған орай Беларусь, Қазақстан және Украина өз аумағындағы ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік кепілдіктеріне айырбас ретінде Ресейге өткізді.
Жалпы, 1990 жылдардың нақты жағдайында ядролық қаруды Ресейге беру АҚШ үшін қырғи қабақ соғыстың мұрасынан оңтайлы шығуға бағытталған стратегиясына сай келді. Осы тұрғыдан алғанда, 1993 жылы АҚШ президенті үлкен Джордж Буш пен Ресей президенті Борис Ельцин қол қойған СНВ-2 келісімі ядролық арсеналдарды одан әрі қысқартуға ықпал етуі тиіс еді.

Атап айтқанда онда бөлінетін оқтұмсықтары бар зымырандарға тыйым салу қарастырылды. Ресей арсеналында әрқайсысында 10 оқтұмсық бар «Воевода» баллистикалық зымырандары болғанын ескерсек, оларды бір оқтұмсықты нұсқаға қайта жабдықтау қажет болды. Алайда, 1990 жылдардың ортасында мұндай жұмыстарды жүргізуге қаржы жеткіліксіз еді. Оның үстіне АҚШ пен Ресей арасындағы қатынас нашарлап, нәтижесінде СНВ-2 келісімі Ресейдің Мемлекеттік думасында ратификацияланбай қалды. Осылайша «Воевода» зымырандары ядролық оқтұмсықтардың негізгі тасымалдаушысы ретінде сақталды. Бұған қоса, Ресей бір оқтұмсықты «Тополь» зымырандарын шығаруды жалғастырды.
2002 жылы АҚШ пен Ресей стратегиялық шабуыл әлеуеттерін қысқарту туралы «Мәскеу шарты» деген атаумен танымал келісімшартқа қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес жауынгерлік кезекшіліктегі ядролық оқтұмсықтар саны 1 700–2 200 бірлікпен шектелді. 2010 жылы СНВ-3 келісімі рәсімделді. Ол әр тарап үшін орналастырылған ядролық оқтұмсықтар санын 1 550-ге дейін, тасымалдаушылар санын 700-ге дейін қысқартуды көздеді. Соңғысына құрлықтағы және суасты қайықтарындағы құрлықаралық баллистикалық зымырандармен қатар, стратегиялық бомбалаушы ұшақтар да кірді. Келісімшарт 10 жыл мерзімге жасалып, оны бір рет тағы 5 жылға ұзарту құқығы қарастырылды. Құжат 2011 жылғы 5 ақпанда күшіне енді.
АҚШ келісімшартты ұзартудан неліктен бас тартты
Ресей президенті Владимир Путин құжаттарын шарттарын тағы бір жыл бойы ерікті түрде сақтауды ұсынғанымен, Вашингтон одан бас тартты. 6 ақпанда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио әлемдегі жағдайдың өзгергенін айтып, «АҚШ пен Ресей арасындағы екіжақты келісімдерге негізделген бұрынғы бақылау модельдері Қытайдың ядролық арсеналының ұлғаюы аясында ескірді» деп мәлімдеді.
Оның атап өтуінше, Мәскеу 2023 жылдан бері өзара инспекциялар режимін қолдамаған. Сонымен қатар Рубио Қытайдың 2020 жылдан бері ядролық оқтұмсықтар санын 200-ден 600-ге дейін арттырғанын, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 000-ға жетуі мүмкін екенін атап өтті.
Оның сөзінше, «бұл факторды ескермейтін келісімшарт АҚШ пен оның одақтастарын сөзсіз әлдеқайда осал күйге түсіреді». Бұған дейін, 2026 жылы қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп СНВ-3 келісімшартына қатысты «мерзімі бітсе, бітеді. Бұдан да жақсы келісімшарт жасаймыз» деп мәлімдеген еді.
Шын мәнінде, бұл Қытайды әлемдегі екінші экономика ретінде ғана емес, Ресей мен АҚШ арсеналдарымен деңгейлес ядролық держава ретінде мойындау үдерісінің басталғанын аңғартады. Айта кетерлігі, КСРО мен АҚШ, кейіннен Ресей мен АҚШ арасында жасалған СНВ келісімдері ядролық қаруы бар тағы үш мемлекет – Ұлыбритания, Қытай және Францияның арсеналдарын есепке алған жоқ. Бұған ең алдымен олардың ядролық әлеуетінің АҚШ пен Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда шағын болуы себеп.
Дегенмен, АҚШ пен Ресей арсеналдары қысқарған сайын, олардың аталған үш елмен арадағы айырмашылығы да біртіндеп азая бастады. Кейін ядролық клубқа іс жүзінде Үндістан мен Пәкістан қосылды. Бірақ бұл елдердің ядролық әлеуеті, сондай-ақ өзінің ядролық қаруы барын ресми түрде мойындамайтын Израильдің арсеналы Ресей мен АҚШ деңгейіне жеткен жоқ, шартты түрде Ұлыбритания, Қытай және Франция шамалас деңгейде қалды. Сонымен қатар Солтүстік Кореяның да шамамен 30 ядролық оқтұмсығы болуы мүмкін деген болжам бар.

Қытай ойын ережесін өзгертті
Алайда, Қытайдың жаңа зымыран шахталарын қарқынды түрде салуы бұрынғы тепе-теңдікті өзгертті. Енді ең қуатты ядролық державалар саны үше – Қытай, Ресей және АҚШ. Ал екінші эшелонда Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан, Франция және мүмкін, Израиль мен Солтүстік Корея қалып отыр.
Жалпы, ядролық қаруды және оған байланысты бүкіл инфрақұрылымды ұстап тұру аса қымбатқа түседі. Сондықтан мұндай мүмкіндікті, әсіресе СНВ келісімдерінде көзделген ауқымдағы арсеналдарды, тек экономикалық және саяси әлеуеті жоғары мемлекеттер ғана қамтамасыз ете алады. Осы тұрғыдан алғанда Қытайдың ядролық қару иеленудегі екі көшбасшымен арадағы алшақтықты қысқартуға ұмтылуы таң қаларлық жайт емес.

СНВ-3 келісімшартының аяқталуы Қазақстан үшін нені білдіреді
Қазақстан үшін СНВ-3 келісімшарты қолданысының аяқталуы қандай да бір қосымша қауіп-қатер тудырмайды. Әрине, біз үшін, ядролық қаруы жоқ мемлекеттер үшін, жалпы әлемнің болжап болмайтын бағытқа бет алуы алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Ядролық қару қолданылуы мүмкін, тіпті өте гипотетикалық сипаттағы қақтығыс жағдайында да, оның салдары баршаға ортақ болары анық.
Сондықтан ірі державалардың СНВ-3 секілді немесе соған ұқсас келісімшарттар аясында ортақ мәмілеге келуі баршаға тиімді. Оның үстіне біздің өңір үшін басты басымдықтардың бірі — көпвекторлы саясатты ұстану. Бұл ең алдымен Қытай, Ресей және АҚШ-пен сындарлы әрі теңгерімді қарым-қатынасты сақтауды көздейді. Соған орай біз барлық уақытта да олардың арасында күрделі жағдайлар мен өзара түсінбеушіліктің болмауына әрдайым мүдделі болып қала береміз.