Ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн — Тоқаев
Фото: Ақорда

— Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол — әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды, — деді Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек.

— Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар