Ядролық қаруға бір қадам: Иранның уран байытуы жаңа деңгейге шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран уран қорын қару жасауға жақын деңгейде байытып, оны көбейтуді жалғастыруда. Бұл туралы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) құпия есебінде айтылған, деп жазды Kazinform меншікті тілшісі Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.  

Иранның уран байытуы жаңа деңгейге шықты
Фото: Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ)

Есепке сәйкес, 17 мамырдағы жағдай бойынша Иранда 60%-ға дейін байытылған 408,6 килограмм уран бар. Бұл ақпан айымен салыстырғанда 133,8 килограмға артық, яғни шамамен 50 пайызға өскен. 60%-дық байыту деңгейі ядролық қаруға қажетті 90%-ға дейінгі бір ғана техникалық қадам болып саналады.

Сондай-ақ, есепте 60%-ға дейін байытылған шамамен 42 килограмм уранды 90%-ға дейін жеткізу — бір ядролық заряд жасауға теориялық тұрғыда жеткілікті екені айтылған.

МАГАТЭ мәлімдеуінше, Иран — ресми түрде ядролық қаруы жоқ, бірақ осындай жоғары деңгейде уран байытып жатқан жалғыз мемлекет.

Жалпы, Ирандағы барлық деңгейде байытылған уран көлемі 9247,6 килограмды құрайды — бұл ақпан айындағы соңғы тоқсандық есеппен салыстырғанда 953,2 килограмға артық. Иран өз ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін алға тартуын жалғастыруда. Алайда, МАГАТЭ басшысы Рафаэль Мариано Гросси бұған дейін егер Иран тиісті шешім қабылдайтын болса, қолындағы байытылған уран қоры бірнеше ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті екенін ескерткен.

Жаңа есеп МАГАТЭ тарапынан Тегеран мен Вашингтон арасындағы күрделі келіссөздер жүріп жатқан уақытта жарияланып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Иранның ядролық бағдарламасына шектеу қоятын жаңа келісімге қол жеткізуге ұмтылуда, бірақ әзірге тараптар айтарлықтай прогреске жеткен жоқ.

Басылымның хабарлауынша, Иран тарапы бұл есепке әлі ресми пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін Тегеран, егер Вашингтонмен келіссөздер сәтті аяқталса, Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) құрамындағы америкалық инспекторларға өз ядролық нысандарына баруға рұқсат беруі мүмкін екені хабарланған болатын.

Тегеран Трамппен ядролық келісімде ураннан бас тартуға дайын.

Соңғы жаңалықтар