Ядролық медицина: Қазақстан мен АҚХА серіктестігі кеңеймек

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық ғылыми онкология орталығында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің (АҚХА) миссия өкілдерімен кездесуі өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Ядролық медицина: Қазақстан мен АҚХА серіктестігі кеңеймек
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Делегацияны АҚХА-ның дозиметрия және медициналық радиациялық физика секциясының (NAHU) басшысы Мауро Каррара басқарды. Кездесуге сондай-ақ ҚР Атом энергиясы агенттігінің және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысып, радиациялық медицинаны дамыту мен халықаралық ынтымақтастықтағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және кешенді тәсілдің маңызын көрсетті.

Ядролық медицина: Қазақстан мен АҚХА серіктестігі кеңеймек
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Тимур Сұлтанғазиев Қазақстан Республикасы Үкіметінің АҚХА-мен көпжылдық әрі нәтижелі серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті. Онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде радиоактивті көздерді қолдануды дамыту ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.

Кездесу барысында пациенттердің заманауи диагностика және емдеу әдістеріне қолжетімділігін кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды. Қазақстан Орталық Азия елдері үшін кадр даярлау, құзыреттерді дамыту және озық клиникалық тәжірибе алмасуға арналған Anchor Centre — аймақтық құзырет орталығын құруды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты. Талқылау барысында өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды.

Ядролық медицина: Қазақстан мен АҚХА серіктестігі кеңеймек
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Атап айтқанда, протондық терапияны, радиофармацевтиканы, тераностиканы, медициналық радиациялық физиканы және денсаулық сақтаудағы цифрлық шешімдерді дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар адами капиталды дамытуға — дәрігерлерді, инженерлерді, радиохимиктерді, медициналық физиктер мен зерттеушілерді даярлауға ерекше басымдық берілді.

— Біз халықаралық деңгейде білім мен тәжірибе алмасуды кеңейтуге берікпіз. Қазақстан өзін тек көмек алушы ел ретінде емес, сонымен қатар жинақталған тәжірибесімен, үздік практикаларымен және инфрақұрылымымен бөлісуге дайын белсенді серіктес ретінде көреді. Бұл Орталық Азия өңіріндегі медициналық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді, — деді ведомство өкілі. 

АҚХА миссиясының жетекшісі Ұлттық ғылыми онкология орталығы мамандарының кәсіби деңгейін жоғары бағалап, олардың Агенттіктің халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуға ғана емес, сондай-ақ ментор ретінде үлес қосуға әлеуеті бар екенін атап өтті. Сонымен қатар заманауи радиациялық технологияларды дамытуда дәрігерлермен қатар медицинаға қатысы жоқ мамандардың да рөлі зор екені айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кадрлық әлеуетті дамытуға, озық технологияларды енгізуге және Қазақстан мен өңір елдерінде онкологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді. 

 

Соңғы жаңалықтар