Ядролық сала мамандары еліміздің 6 университетінде оқытылады
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 6 жоғары оқу орнында ядролық және атом өнеркәсібі бойынша мамандар даярланады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова айтып берді.

Оның айтуынша, атом энергетикасы үшін кадр даярлау «Қазатомөнеркәсіп» және осы саладағы басқа да кәсіби ұйымдармен, салалық министрлікпен ынтымақтастықта жүзеге асырылуда.
− Ядролық және атом өнеркәсібі бойынша кадр даярлау еліміздің 6 ЖОО-ында жүргізіледі. «Физика», «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру», «Энергетика және электротехника», «Жылу энергетикасы», «Тау-кен инженериясы» бағдарламалары бойынша білім алушылар саны 921 адам болса, оның 96 пайызы (885 адам) мемлекеттік грант негізінде оқиды. Соңғы 3 жылда 1838 түлек оқуын аяқтап, оның 1806-сы жұмысқа орналасқан, − деді Г. Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министрліктің нақтылауынша, 6 университет тізімі мынадай: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, С. Аманжолов атындағы ШҚУ және Шәкәрім атындағы университет.
Жалпы, осы сала үшін кадрлар даярлау 2000 жылдан бастап жүзеге асырылуда және 4500 адам жоғары оқу орнын бітіріп шыққан.
Ядролық саладағы мамандарды сапалы даярлау үшін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда.
− Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ресейлік МИФИ ұлттық ядролық зерттеу университеті құрылды. Есенов университеті базасында неміс техникалық университеттерінің консорциумы жаңа форматтағы электрэнергетика саласының инженерлерін дайындауды бастады. Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде өткен жылы Анхальт университетінің (ГФР) филиалы ашылды, онда электротехника және энергетика бойынша мамандар даярланады, − деп түсіндірді спикер.
Бұған дейін Г. Жарасова Қазақстан ЖОО-ларына инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізілетінін айтқан еді. Бүгінде Қазақстанның 54 ЖОО-сында инженерлер оқытылады, онда 103 мыңнан астам студент оқиды.
Сондай-ақ, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру хабына айналдыру мақсатында елімізде 16 шетелдік университеттің филиалдары ашылған.