Ядролық технологиялар тек электр энергиясын өндірумен шектелмейді — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Ядролық технологиялардың қолданылу аясы атом электр станцияларымен шектелмейді. Бүгінде радиациялық технологиялар медицинада, ауыл шаруашылығында, құрылыста және мұнай-газ өнеркәсібінде де кеңінен қолданылады.
Бұл туралы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ Коммерцияландыру және инновациялар департаментінің инвестицияларды тарту жөніндегі менеджері Шолпан Иманғалиева айтты.
Маманның сөзінше, радиациялық технологиялар материалдардың қасиеттерін өзгертіп, өнім сапасын жақсартуға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
— Ядролық технологиялардың өнеркәсіп үшін маңызды бағыттарының бірі — материалдарды радиациялық өңдеу. Иондаушы сәулелену арқылы полимерлердің құрылымы мен физикалық-механикалық қасиеттерін өзгертуге болады. Соның нәтижесінде олардың беріктігі, ыстыққа және сыртқы әсерлерге төзімділігі артады, — деді Шолпан Имангалиева.
Оның айтуынша, мұндай материалдар кабель өндірісінде, құрылыста және мұнай-газ саласында қолданылады. Радиациялық өңдеу өнім сапасын жақсартып қана қоймай, оның қызмет ету мерзімін ұзартуға да көмектеседі.
Сарапшы радиациялық технологиялардың медицина мен ауыл шаруашылығындағы маңызына да тоқталды. Мәселен, иондаушы сәулелену медициналық бұйымдарды стерильдеу үшін пайдаланылады. Бұл әдіс микроорганизмдерді жоюға және жоғары температураға сезімтал материалдардан жасалған құралдарды өңдеуге мүмкіндік береді.
Ал ауыл шаруашылығында радиациялық өңдеу өнімдерді зиянкестерден залалсыздандыруға, сақтау мерзімін ұзартуға және сапасын сақтауға бағытталған. Мұндай тәсілдер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өнімдердің экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Шолпан Имангалиеваның пікірінше, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі ядролық технологиялардың энергетикадан тыс мүмкіндіктеріне де назар аударуды қажет етеді. Өйткені АЭС құрылысы машина жасау, металлургия, құрылыс, материалтану, аспап жасау және ақпараттық технологиялар сияқты салалардың дамуына серпін беруі мүмкін.
— Атом станциясын салу және пайдалану үшін жоғары технологиялық жабдықтар, арнайы материалдар, дәл өлшеу құралдары мен қауіпсіздікті бақылау жүйелері қажет. Мұның бәрі ғылыми зерттеулерге, инженерлік шешімдерге және білікті мамандарға сұранысты арттырады, — деді ол.
Маман Қазақстанда ядролық технологияларды дамытуға қажетті ғылыми әлеует бар екенін атап өтті. Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты және «Ядролық технологиялар паркі» АҚ осы бағыттағы зерттеулер мен әзірлемелерге үлес қосып келеді.
Оның айтуынша, радиациялық материалтану, материалдардың төзімділігін зерттеу, технологиялық процестерді сынау және ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіпте қолдану — саланың негізгі бағыттарының бірі. Мұндай жұмыстар атом энергетикасын дамытуға қажетті ғылыми-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ сарапшы атом энергетикасының дамуы отандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін екенін айтты. Ол үшін жергілікті өндіріс орындарын технологиялық тізбекке тарту, мамандар даярлау және ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыру маңызды.
— Қазіргі әлемде елдердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарымен ғана емес, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу қабілетімен де өлшенеді. Ядролық технологиялар өнеркәсіпті жаңғыртуға, жаңа өнім түрлерін игеруге және өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады, — деп түйіндеді Шолпан Имангалиева.
Бұған дейін Қазақстанда ядролық және радиациялық оқиғаларға жедел ден қою орталығы ашылғанын жазғанбыз.