«Ядролық энергетика - жаңа Қазақстанды жасайтын күш» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 наурыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

2012 жылдың 26 шілдесінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапары шеңберінде Кембридж университетінде болды. Президент G-Global бастамасының тұжырымдамасы туралы және халықаралық ынтымақтастық аясында жаһандық проблемаларды шешу бойынша бірқатар ұсыныстар туралы дәріс оқыды.Осы лекция туралы өз ойларымен бөліскен Кембридж Орталық Азия форумының төрағасы, Кембридж-Қазақстан Орталығының директоры, Қазақстан дамуының Кембридж қоры Қамқоршылар кеңесінің мүшесі, профессор Сидхард Саксена «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Қазақстан Президентінің жаһандық идеялары» деген тақырыппен мақала жариялапты.

«Қазақстан басшысы біздің оқу орнында сөз сөйлеген алғашқы еуразиялық және посткеңестік көшбасшы болды. Қазіргі кезде Кембридж университеті Қазақстанмен білім беру және ғылыми зерттеулер салаларында жемісті ынтымақтасып келеді. Мәселен, ынтымақтастық шеңберінде мемлекеттік қызмет реформасы, азық-түлік қауіпсіздігі, жер сілкінісі зардаптарының алдын алу және басқа да бірқатар бағыттар бойынша зерттеу жобалары жүзеге асырылуда. Кембриджде оқуға Қазақстанның мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы мүмкіндік беріп отыр», - дейді автор.

Оның айтуынша, соңғы он жылда Қазақстан жан басына шаққандағы шетел инвестицияларын тарту бойынша көшбасшы елдердің бірі болып отыр. Бүкіләлемдік банктің рейтингінде Қазақстан инвестиция салу үшін ең оңтайлы он елдің қатарына енді. 2000 жылдан бас­тап 2007 жылғы халықаралық қаржы дағдарысына дейін елдің нарықтық экономикасы жылына орташа есеппен 10 пайызға өсіп отырды. 2007 жылы Үкімет қаржы дағдарысын еңсеру үшін жедел түрде қажетті шаралар қабылдады.



«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» деп Әсет ақын айтқандай, қазақ жырының қайраткері Фариза ақынның шығармашылық ғұмыры туралы көсіле бастап айту да оңай емес. Қай қиырдан, қай еңіс пен өрістен қадам жасауды білмей аяқасты абдырап, Құрманғазының төкпе күйі мен Дәулеткерейдің шер қозғаған шертпесін шатастырып, біріне-бірін жамап, тал қармап, талықсып шаршап, ағынды жырдың ақ Жайық жағалауына әрең жетесің. Қабылдау құлашың талып, Нарыннан жеткен нар желге маңдайыңды тосып, азу тісі шықырлап, маңдайы әжімденіп, жылжыған жылдардың әуенін нақышты нотасына сызып жатқан сиыр таңдай сусыған құмдардың сазынан әлдебір жаныңа жақын сырды сезесің. Сезетін себебің де бар», - деп жазады «Егемен Қазақстан» «Серпер Сезім» атты мақаласында. Мақала белгілі ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған.

Фариза ақын данамен үндесіп, бабамен тілдесіп, даламен бірлесіп, жаңамен үйлесіп, санамен күн кешіп өз биігіне жеткен ақын. Өзінің шың-құзы бар, жыр аспанында жұлдызы бар, айдай ажары, жарқыраған күндізі бар ақын. Халқына арқа сүйеп қайсар болған, еліне еркелеп жауһар болған, оқырманына сүйеніп гауһар болған ақын. Ердің орнына ер болған, азаматпен тең болған, намысқа шапса өр болған, анаға бақса кең болған, қызға бақса қырмызы, қызылға бақса өң болған ақын. Айдан алтын алдырып, ажарлы өлең туғызған, күннен күміс алдырып, жырмен бетін жуғызған ақын. Құлагер-жырдың құлағын қайшылатып, от-жүрегінің жалынын тамшылатып, намыс пен жігерін қамшылатып, даланың жігіттерін өрлікке шақырған ақын. Аласаға алдырмай, қуғандарға шалдырмай, еңістен салса, төске озып, болдырмай келе жатқан жүйрік. Серпер сезімді саңлақ», - деп жазады автор.

Одан әрі ақынның шығармашылық, ақындық, адамдық қасиеттеріне тереңнен толғап, тебіреніспен баға беріледі.

***

Елбасы «Қазақстан - 2050 стратегиясын» жариялағаннан бергі кезең ішінде сауатты да саналы топ өкілдерінің ойлары тоғысқан жер: «толық ұлттық жаңару» деген тұжырым. Ежелгі қазақтың өзі арттағыларға «елу жылда - ел жаңа» деп кетпеп пе еді? Иә, сонымен, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің толық жаңару, сапалық жоғары биікке көтерілу бағдарламасын жариялады. Түпкі мақсат айқын - әлемдегі дамыған 30 елдің сапында боламыз. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдай толығымен түзеледі. Өйткені экономика мүлде жаңа тұрпатта болады. Бүгінге дейінгіміз - негізінен, шикізат сатып тапқан табыс. Ал ертеңнің экономикасы дайын тауарлы өндіріс, өндіріс болғанда ең соңғы үлгідегі сұранысқа ие тауарлы өндіріс және адамзат мұқтаж болып отырған қызмет түрлері. Яғни негізгі мемлекеттік табыс көзі ақыл-ойдың, білімнің, ғылымның жемісінен алынады. Демек, ұлттың білім-ғылымға жақындығы, оларды игергендік деңгейі бүгінгіден әлдеқайда жоғары болмақ. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Ядролық энергетика - жаңа Қазақстанды жасайтын күш» атты мақалада айтылған.

Автордың жазуынша, ше­телдік автокөліктер мен ұшақ­тар­ды, ті­кұшақтар мен локомо­тивтерді шы­ғарып жатырмыз. Түптің түбінде, дәлірек айтсақ, көп ұзамай-ақ олар­дың бөлшек­тері толығымен Қазақстанда шы­ғатын дәрежеге де же­теміз. Жұ­мыссыздық сөйтіп естімейтін ес­­кірген сөзге айналады. Иә, бұл - таяу болашақтың өзінде біз кө­ретін ақиқат.

Осыдан кейін мақала авторы ядро­лық энергетика саласы жайындағы өз ойларымен бөліседі. «Жал­пы алған­да, біз Қазақстанның әлем­ге ықпа­лын жүргізетін зор мүмкіндік, болашақтың нағыз инновациялық индустриясы, өндірісі осы жерде шоғырланады деп ойлаймыз. Алдын ала айта кетейік, қазірдің өзінде ядролық отын өндірісінен Қазақстан дүниежүзілік көш­бас­шы», - дейді ол.


«Өлгім келмейді. Мені алып қалыңдаршы...» Оның соңғы сөзі осы болды. Арғы атасы жалаң қолмен жауға шапқан, арыстан жүректі үндіс. Мұның да бойында үндіс қаны тулап жататын. Көзсіз ер еді. БҰҰ-ның биік мінберіне шығып тұрып АҚШ президенті Джордж Бушты «Сайтан» деді, Чилиде өткен саммитте Испанияның экс-премьер министрін «фашиссің» деп кекетті. Сонда «бұлар менің өміріме қастық жасайды-ау» деп жүрегі шайлықпаған. Енді келіп, бақидың қыл көпірінде тұрып, «өлгім келмейді...» дейді. Неге айтты? Өлімнен қорықты ма? Жоқ! Туған халқының азат, еркін өмірі үшін жанын құрбан етуге бар өр тұлға өлімнен тайсалмады. Тек өзі бастаған тірлікті соңына дейін жеткізгісі келген болар.Елінің бостан һәм шат-шадыман өмір сүруіне әлі де болса үлесін қосқысы келген болар... Сол үшін өмір сүргісі келді-ау! Бірақ оны ажалдан ешкім арашалап ала алмады. Артында жер бауырлап жылаған халқы қалды. Тірісінде аңызға айналған тұлға еді. Өйткені ұлтын шексіз сүйді. Бүкіл өмірін арнады.

Күресті. Жеңді. Жұртын алпауыт елдің шеңгелінен құтқарды. Ол «елім» деп еміренді. Халқы соңынан ерді.

Бұл жуырда ғана өмірден озған әлемдік саясаттағы атақты тұлғалардың бірі Уго Чавес туралы «Айқын» газетінде шыққан мақаланың үзіндісі.

Онда жоғарыда аталған қайраткер туралы, оның өмірі мен қызметі, елі үшін жасаған ерліктері туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Мақала «Уго Чавес...» деген тақырыппен беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар