Ядролық сынақтар үшін Францияның үстінен сотқа шағым түсті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа Полинезияда жүргізілген  ядролық сынақтар салдарынан адамзатқа қарсы жасалуы мүмкін қылмыстар үшін Францияның үстінен талап-арыз түсті. Бұл туралы сейсенбі күні франциялық Полинезияның бұрынғы президенті Оскар Темаруға сілтеме жасап Франс Пресс агенттігі хабарлады.

Ядролық сынақтар үшін Францияның үстінен сотқа шағым түсті

«Бойымызды борыш пен батылдық сезімі кернеген біз 2 қазан күні Халықаралық қылмыстық сотқа адамзатқа қарсы жасалған қылмыс үшін шағым түсірдік», - деп келтірілген О.Темарудің сөздері.

«Бұл іс елімізге қарсы ядролық сынақтар үшін жауапты болған Францияның қазіргі кезде көзі тірі барлық президенттерін жауапқа тартуға бағытталған», - деп қосып өтті ол.

Францияда 1960-1996 жылдар аралығында 210 ядролық сынақ жүргізілген, соның ішінде 17-сі Алжир аумағындағы Сахара шөлінде, 193-і франциялық Полинезияның Фангатауфа және Муруроа атолдарында (інжу аралдары) болды.

Сынақтар салдарынан бірнеше мыңдаған адамның денсаулығы нашарлады. Францияға қарсы шағымдар түсірген шамамен мың адамның жиырмасына жуығына ғана компенсация төленді.