Ядролық сынақтарға қарсы күрес - ең қасиетті күрес - Роллан Сейсенбаев

Оның айтуынша, ядролық қарусыз әлемде өмір сүру - барша адамзаттың арманы.
«Әлемде «Жер күні» деген бар. «Жер күнін» алғаш рет, мынау қара жердің соншалықты ауыр тағдырын ұққан жас америкалықтар атап өткен болатын. Ал ол кезде Кеңес одағында күнде жарылыс болып тұратын. Ал енді міне, бүгін Қазақстанда және бүкіл әлемде ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық әрекет күні атап өтіп жатыр. Бұл Біріккен ұлттар ұйымының ең үлкен, ең қасиетті, ең жемісті істері болса екен деген тілегім бар. Ядролық сынақтарға қарсы күрес - бұл ең қасиетті күрес. Қазір мына әлемде ақыл-ой емес, қара күш алға шығып тұр. Бұл жөнінде Шәкәрім атамыз да талай жырлап кеткен. Сондықтан, мен сол ядролық сынақтарды жеті жасымда көргендіктен болар, бұл күнді қастер тұтамын», - деді Роллан Сейсенбаев.
Бүгінгі шараға, бірқатар халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық елшілік өкілдері, ғалымдар мен ядролық қарусыздану саласының сарапшылары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні жыл сайын 29 тамыз күні атап өтілетіні белгілі. Ол биыл бесінші рет аталып өтуде. Кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының дәл осы күнді таңдауы бекер емес. Өйткені, 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылған болатын.
Биыл «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 25 жыл толып отыр.