«Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияны ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті

АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - 29 тамызда Астанада «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференция өтеді.
None
None

 Конференция БҰҰ жариялаған ядролық сынаққа қарсы іс-әрекеттердің халықаралық күніне орайластырылған. Ал бүгін Астанада осы форумды өткізу бойынша ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы болып өтті. Ұйымдастыру комитетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин жетекшілік етеді. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда қабылданған ядролық қаруға қарсы үлгі боларлық іс-шаралар кеңінен белгілі. Әлемдік қоғамдастық ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жөніндегі бастамасын жоғары бағалайды. Мемлекет басшысының саяси еркіндігінің және ізгі мақсатты саясатының арқасында Қазақстан әлемдегі төртінші ракета-ядролық әлеуеттен ерікті түрде бас тартты, сынақ аймағын қайта қалпына келтіру бойынша тұрақты жұмысты арттыра түсуде.

«Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге»атты халықаралық конференция ядролық қарусыз әлем үшін Астана декларациясын іске асырудың бір бөлігі болады және Семей ядролық полигонының жабылуына 21 жыл толуына орай өтеді.

Конференцияның бастамашылары - Парламент Мәжілісі, «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі және әлемнің 80-нен астам елінің парламентшілерінің құрамынан тұратын «Парламентшілер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үшін» халықаралық бірлестігі.

Бірінші ұйымдастыру кеңесіне көрнекті мемлекет қайраткерлері, Үкімет мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері жиналды. Ұйымдастыру комитетінің  мүшелері конференцияның күн тәртібі үшін берілген ұсыныстарды, сондай-ақ оны дайындау және өткізу мәселелерін талқылады.  Конференция бағдарламасына жаһандық қауіпсіздік, ядролық терроризм, басқыншыларға қарсы қатаң шара қолдану, бейбіт мақсаттағы атомды дамыту және басқа мәселелерді енгізу жоспарлануда.  Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде заманауи жаңа технологиялар орталығына айналған бұрынғы Семей полигоны аумағына бару сапары қарастырылуда. Конференция қорытындысы бойынша ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі Қазақстан Президентінің бастамасын қолдау туралы қатысушылардың Үндеуін қабылдау жоспарлануда.

Конференцияны ұйымдастырушылардың аталған форум ерекше саяси оқиға болатынына, сондай-ақ ядролық қарусыз әлемді қалыптастырудағы әлемдік қоғамдастықтың бір ортаға күшін біріктіруде үлкен рөл атқаратынына сенімдері мол. «Астанада өтетін халықаралық конференция бүгінгі күні  барлық елдің назарын аударып отыр деуге болады. Қазірдің өзінде осы форумға қатысатын шетелдік делегациялардың саны 80-нен асты. Бұл, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы көптеген бастамаларын бүкіл әлем қолдап отырғанының тағы бір дәлелі екені сөзсіз»,- деп атап өтті Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Соңғы жаңалықтар